Оқытуды диалогтік тәсілмен дамытудағы сұрақтардың маңызы. «Ойлай алатындар, сауалдар да қоя біледі»
Қачир ауданы
Тереңкөл ауылының
Қ.
Оспанова атындағы №3 жалпы
білім беретін орта мектебі
Мухаметкалиева Сандуғаш Қуанышевна
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Оқытуды
диалогтік тәсілмен дамытудағы сұрақтардың маңызы.
«Ойлай алатындар,
сауалдар да қоя біледі»
Алисон
Кинг.
Дүниені танып
білу үшін адам баласы үнемі сұрақ қойып, сол сауалға жауап беруге
тырысады. Сұрақ арқылы адамның білімі
дамиды, ол үнемі ізденісте болады, ойланады, өз іс-әрекетіне баға бере алады.
Демек адам өмірінде маңызды орын алатын сұрақтардың оқыту мен оқу үдерісінде де
қызметі зор. Сұрақтар сабақтың әр кезеңінде пайдаланылады. Және кері
байланыстың бірден – бір көрсеткіші болып табылады.
Сұрақ қою арқылы мұғалім:
- оқушыларды тақырып бойынша және сындарлы сөйлеуге
ынталандырады.
- оқушылардың шынайы қызығушылығы мен сезімдерін
анықтайды.
- білімге құштарлықты дамытады және зерттеуге
ынталандырады.
- оқушыларға білімін қалыптастыруға және вербалдандыруға
көмектеседі.
- оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауына ықпал етеді.
- оқушыларға сыни тұрғыдан ойлауға көмектеседі.
- оқушылардың бір-бірінен үйренуіне, басқа оқушылардың
идеяларын
құрметтеуіне және бағалауына ықпал етеді. [1,41]
Диалог арқылы оқушылар өз идеяларымен бөліседі,
дәлелдейді, өзгенің идеясын құрметпен тыңдауға үйренеді, пікір білдіреді. Диалогтік
оқытуда сұрақ қою маңызды орын алады. Диалогтік идея тәсіліне сәйкес cұрақтар
оқушылардың оқуын жақсартуға қабілетті. Оқушылардың тақырыпты түсінуіне қол
жеткізу үшін мұғалімдер қолданылатын төмен дәрежелі және жоғары дәрежелі сұрақтардың
түрлері бар. Төмен дәрежелі сұрақтар жаттап алуға бағытталса, жоғары дәрежелі
сұрақтар ақпаратты белгілі бір жолдармен қолдануға, қайта құруға, кеңейтуге,
талдауға және бағалауға бағытталады. Сұрақ қоюдың түрткі болу, сынақтан өту,
қайта бағыттау сияқты техникасы да белгілі. Түрткі болу - сұрақты қарапайым етіп қою, өткенді
пысықтауға, сынақтан өту - толық жауап беруге, ойын толық айтуға итермелейді,"Сіз
мысал келтіре аласыз ба? "деген сұрақтармен бағыттайды.Қайта бағыттау -
сұрақты басқа оқушыларға бағыттайды."Көмектесе алатындарың бар ма?"
деген сұрақ қойылады. Дұрыс қойылған сұрақ сабақ берудің тиімді құралына
айналады.
Сұрақ қоя білу
қабілетін дамытатын бірнеше стратегия мен тәсілдерге тоқталғым келеді.
«Сауалдар
түймедағы» немесе «Блум түймедағы». Атақты американдық психолог және педагог
Бенджамин Блум таксаномиясының негізінде құрылған сұрақтар жүйелілігі заманауи
білім беру әлемінде өте белгілі. «Блум түймедағы» алты түрлі сауалдан құралады:
қарапайым, дәлел, интерпретациялық, тәжірибелік, бағалау, шығармашылық. Қарапайым
сұрақ – белгілі бір ақпаратты еске
түсіру, сұрау мақсатында
қойылатын сауал түрі. Бұл сауал түрлерін көбінесе тест немесе терминологиялық диктант және т.б. сынақ түрлерінде қолданылады. Дәлел сұрақ –
кері байланыс жасау мақсатында қойылатын сауал түрі. Интерпретациялық сұрақ
«НЕГЕ?», «НЕ ҮШІН?»деген сұрау есімдігі арқылы беріледі. Тәжірибелік сұрақ теория
мен тәжірибенің байланысын айқындайды. Бағалау сұрағы кез келген құбылыстың
немесе оқиғаның бағалау критериіне бағытталады. Шығармашылық сұрақ оқушыларды
сыни тұрғыдан ойландыруға үйретеді. «Блум түймедағы» әдісі бойынша сұрақ
түрлерін пайдаланудың оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамытуда, диалогтағы
жұмыс әрекетіне деген тиімділігі туралы айтпақшымын. Мәселен, 7-сыныптағы
«Жалпылау есімдігінің түрленуі» атты тақырып бойынша төмендегідей сауалдар
түрлерін қолданған болатынмын:
1. Жалпылау есімдігі қалай түрленеді?
(қарапайым
сұрақ)
2. Жалпылау есімдігінің түрленуін мысалдармен
дәлелдеңіздер.
( дәлел сұрақ)
3. Тілімізде жалпылау есімдіктерін не үшін түрлендіреміз?
(интерпретациялық сұрақ)
4. Өмірде жалпылау есімдігін қандай жағдайда
қолданасыңдар?
( тәжірибелік сұрақ)
5. Тіліміздегі жалпылау есімдігіне қандай баға берер
едіңіздер?
(бағалау сұрағы)
6. Тілімізде жалпылау есімдіктері болмаса,
өмірімізде қандай өзгерістер болар еді?
(шығармашылық
сұрақ)
Әрине, бұл
жерде сұрақтардың оқушылардың білім алу қабілеттеріне сәйкестігі, түрлі мүмкіндіктері
ескеріледі.
Оқушылардың сұраққа жауап берумен қатар, олардың әрбір тақырыпқа қатысты
қарапайым, дәлел, интеграциялық, тәжірибелік, бағалау, шығармашылық
сауалдарды құрастыруы да маңызды болып табылады. Олар ізденеді,
ойланады, кез –келген мәнмәтінге байланысты дәлелдерді сыни тұрғыдан талдауға, өз түйіндері мен пікірлерін, ойларын жүйелі жеткізуге үйренеді. Бұл арқылы оқушылардың
шығармашылық белсенділігі артады.
Оқушыларды сыни тұрғыдан ойландыру арқылы шығармашылық қиялын дамытуға,
ойларын логикалық ретпен орналастыра білуге үйрету мақсатымен «Fishbone» әдісін
пайдалануға болады. Оқушылар сауалға жауап беру арқылы мәселенің себебін және
одан шығатын салдары туралы ой түйеді. Мәселен
8-сыныпта Төлен Әбдіковтің «Қонақтар» туындысына талдау жасау
барысында «Fishbone» әдісі негізінде
төмендегідей сауал қолданылды: «Сапабектің сезімсіз, қатыгез болып өсуіне кімді
кінәлі деп санайсыздар?». Оқушылар түрлі жауап ұсынады. Ойландыратын сұраққа
құралған бұл әдіс арқылы оқушылар арасында бірлескен жұмыс, бір-бірін қолдау,
топтық рух көрініс табады. Диалогта әр
оқушының өзін көшбасшы қырынан көрсетуге мүмкіндігі бар. Оқушылар бұл жағдайда
жұбына басымдық танытпай, керісінше
жұмыстың дұрыс бағытта жүруін үнемі қадағалап, топ құрамындағы
серіктестерді әрекетке ынталандыруға
үйренеді, қызмет белсенділігінің артуына
көмек көрсетеді. Бұл тағы бір мәрте оқытуды диалогтік тәсілмен дамытудағы
сұрақтардың маңызын айқындайды.
Сабақтың
рефлексия кезеңінде оқушы жаңа білім иесі атанып, ойымен, алған тәжірибесімен
бөліседі. Бұл кезеңде де сұрақтардың алатын орны ерекше. Мәселен «Аяқталмаған
сөйлем» әдісіне тоқталатын болсақ: 1.Бүгін
сабақта біле алдым… 2.Мен үшін ең қызықты болғаны, ол... 3.Менің ойымша, біз
үшін маңызды ... 4.Өзімнің бүгінгі ісімді сәтті деп есептеймін, өйткені...5.
Мен үшін қиындық тудырған ... Сөйлемдерді аяқтау үшін оқушы іштей
сұрақтарға жауап беруі тиіс. Бұл арқылы ол өзінінің меңгерген біліміне,
әрекетіне баға береді.
Ойландыра
алатын сауалдар негізінде диалогтік сұхбаттасу мұғалімдер де, оқушылар да білім
алуға қомақты үлес қосатын өзара іс-қимылдың шын мәніндегі тиімді түрі.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1.Мұғалімге арналған
нұсқаулық. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012 жыл.
2. Философия и
методы RWCT в действии. Под ред. С. Мерсеитовой. Алматы: ИздатМаркет, 2004.
3.Халперн
Д. Психология критического мышления. — СПб.: Изд-во «Питер», 2000.
Будь-те первым, поделитесь мнением с остальными.