3.6 «Дене шынықтыру» білім саласы
Дене шынықтыру
Оқу пәні
ретінде дене шынықтыру жалпы білім беретін мектепте маңызды роль атқарады,
жалпыадамзат мәдениеті саласында белсенді шығармашылық түрде өзін-өзі жүзеге
асыруға дайын тұлға қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Оқыту мақсаты:
- қимыл-қозғалыс негіздерін игеру
арқылы оқушылардың дене мәдениетін қалыптастыру;
- физикалық және психикалық
қасиеттерінің толық дамуын;
- салауатты өмір салтын
ұйымдастыруда дене тәрбиесі құралдарын шығармашылық жолмен қолдану.
Оқыту міндеттері:
- денсаулықты нығайту,
ағзаның қызметтік мүмкіндіктерін арттыру және негізгі физикалық (дене) қасиеттерін
дамыту;
- базалық спорт түрлерінің
техника-тактикалық іс-қимыл әдістерін жетілдіру;
- өз денсаулықтарына
ықтиярлықпен қарау, денсаулықты сақтау мен нығайту қажеттілігін қалыптастырып
тәрбиелеу;
- дене шынықтыру және спорт туралы,
олардың тарихы, қазіргі дамуы және салауатты өмір салтын қалыптастырудағы рөлі
туралы білімдерді игеру;
- тұлғаны оң қасиеттерге тәрбиелеу,
оқу және жарыс әрекеттерінде ұжымдық әрекеттестік пен ынтымақтастықтың
межелерін сақтау.
Оқу бағдарламасы екі бөлімнен
тұрады: «Дене шынықтыру туралы білім» (ақпараттық компонент), «Денені жетілдіру
және шеберлік» (әрекеттік компонент).
Бағдарламалық талаптарды ескеріп, әрбір оқушының
жеке мүмкіндіктері мен жыныстық даму ерекшеліктерін бағамдай отырып, мұғалім
өздігінен жеке талаптар қойып (қорытынды тапсырмалар), талаптардың өзіндік
шкаласын құруына және сол бойынша оқушылардың жылдық үлгерімдерін бағалауына
болады. Осындай өзіндік жол дене шынықтыру мұғаліміне оқыту-үйретудің барлық
кезеңдерінде оқушылардың даму деңгейлерінің жеке жас ерекшеліктерін ескере
отырып, сабақ үлгерімдерін шынайы бағалауға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның ұйымдастыру-әдістемелік талаптары:
– мұғалім өз тәжірибесіне сүйеніп, балалармен нақты
жағдайдағы жұмыс дағдысына байланысты ұсынылып отырылған бағдарламаның қай
бөлімін болмасын өзінің материалдарымен толықтыруға (немесе түзетулер енгізуге)
құқылы. Оқушыларға қойылатын негізгі талап қалай болса да тәжірибеде жүзеге
асуы тиіс;
– қай сыныпта болмасын балалардың даярлығы мен
сабақтың нақты жағдайына қарай мұғалім өз жұмысын ұйымдастырады;
– оқушылардың тактикалық ойлануын дамытуға, дене
қасиеттерін тәрбиелеуге қозғалыс ойындарының әсерін есептей отырып, ең оңтайлы
қозғалыс ойындарының мазмұны болуы қажет;
– оқушылардың қозғалыс ойындарын игеруін тексеру мақсатында бақылау - сынақ
алу сабақтары өткізілуі тиіс;
– дене тәрбиесі сабақтарының тиімділігі екі параметр бойынша бағаланады: а)
жекелеген бақылау нормативтерінің нәтижелері; ә) мұғалімнің таңдауы бойынша
(Президент сынамалары нормативтерін орындау нәтижелері).
«Шаңғы дайындығы» және
«Жүзу» тараулары бойынша сабақтарды толық мәнінде жүргізуге мүмкіндігі жоқ
республиканың аймақтарында оларды алмастыру ұсынылады. Мектеп ұжымының
педагогикалық кеңесінің шешімі бойынша бұл сабақтар тиісінше дала жарысымен
(кросс дайындығымен) және гимнастикамен (ырғақты, атлетикалық,
кәсіби-қолданбалы) алмастырылуы мүмкін.
Оқушылардың денсаулығын нығайту мақсатында оқу
жылында «Денсаулық күнін» 3-4 рет өткізу ұсынылады.
Типтік оқу жоспарына сәйкес пән бойынша оқу
жүктемесінің көлемі:
10-сыныпта –
аптасына 3 сағаттан, оқу жылында 102 сағатты;
11-сыныпта –
аптасына 3 сағаттан, оқу жылында 102 сағатты құрайды.
Алғашқы әскери дайындық
Алғашқы әскери дайындық меншік
түрі мен ведомствалық бағыныштылығына қарамастан, барлық типтегі жалпы білім
беретін мектептерде, орта арнаулы оқу орындарында (колледждерде),
кәсіптік-техникалық мектептерде әскерге шақырылуға дейінгі және әскерге
шақырылу жасындағы білім алушы жастардың міндетті оқытылатын пәні болып
табылады.
Алғашқы әскери даярлау
теориялық және практикалық сабақтарда іске асырылады. Теориялық сабақтар
оқытудың дидактикалық материалдарын, техникалық құралдар мен инновациялық
әдістерді қолдана отырып әңгімелеу және сұхбаттасу түрінде өткізіледі.
Практикалық сабақтар қарулану және әскери-техникалық мүлікті, құралдарды және
өзге де жабдықтарды қолдана отырып оқу материалын игеруге бағытталған.
Оқу пәнінің мақсаттары – Қазақстан Республикасы Қарулы
Күштерінде қызмет ету туралы түсінігін және әскери іс негіздері бойынша
оқушылардың білімдерін қалыптастыру; оқушылардың өмірлік қабілеттері мен
дағдыларының дамуын қалыптастыруға ықпал ету.
Оқу пәнінің негізгі міндеттері:
• оқушыларды Қазақстан
Республикасы Қарулы Күштерінде қызмет ету үшін алғашқы әскери дайындықтың
теориялық тиянақты білімдері негізінде, практикалық дағдыларды меңгере
алатындай жағдайда даярлау;
• оқушыларды Қазақстан
Республикасы Қарулы Күштерінің қызметі туралы біртұтас түсінігінің өзара
үйлесімді жүйесін қалыптастыру.
Оқу
пәнінің мазмұны мен құрылымы кіріспе сабақ, әскери істің негіздері бойынша
тараулар, азаматтық қорғаныс және медициналық білім негіздерінен тұрады.
Оқушылардың
практикалық дағдылары мен біліктіліктерін шыңдау және жетілдіру, сонымен қатар
әскери істі оқу-үйренуге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында оқу жылының
соңында спорттық-қорғаныс сауықтыру лагерлерінде, әскери бөлім (ӘБ) базаларында
(ӘБ басшылығымен келісе отырып) 10-сынып ұлдарымен 30 сағат көлеміндегі
бескүндік далалық оқу жиыны өткізіледі. Далалық оқу жиындары алғашқы әскери дайындық
курсын өту бағдарламасының міндетті кезеңі болып табылады. Ол жергілікті атқару
органдарымен ұйымдастырылады.
11-сынып оқушыларының АӘД
пәні бойынша нормативтер мен практикалық жаттығуларды орындауларын бағалау
мақсатында, оқу жылының соңында 4 сағат көлеміндегі қорытынды тексеру сабақтары
(сынақ) қарастырылған.
10-сыныпта өткізілетін
әскери топография сабақтарында оқушыларға басқа (бөтен) жерлерде картасыз
бағдарлау, сол ауданда өзінің орналасқан орнын анықтау және азимут бойынша жүру
бағытын компастың көмегімен және компассыз табуды үйренеді. Ал, 11-сыныпта
оқушылар азаматтық қорғаныс және медициналық білім негіздері сабақтарында
бейбіт уақытта және соғыс кездерінде, табиғи апаттар, ірі көлемдегі зілзалалар
және жаудың қазіргі заманғы қырып-жою қаруларын қолданған кезде Қазақстан
Республикасының халқын қорғау бойынша іске асырылатын іс-шаралар үйретіледі.
Сонымен қатар төтенше жағдайлар пайда болған аудандарда және зақымдану
ошақтарында қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ жарақаттанған
адамдарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсету ережелерімен танысады.
Әрбір
оқу орнында алғашқы әскери дайындықты оқытудың оқу жылына есептелген
күнтізбе-тақырыптық жоспары құрылады. Сонымен қатар әрбір оқу орнында меншіктік
түрі мен формасына қарамастан АӘД бойынша келесі оқу-материал базасы құрылады
және жетілдіріліп отырады: қамтамасыз ету табеліне сәйкес көрнекі құралдармен
және АӘД оқытудың техникалық құралдарымен жабдықталған оқу бөлмесі; алғашқы
әскери дайындық, тіршілік қауіпсіздігінің негіздері және азаматтық қорғаныс
бойынша арнайы жабдықтарды сақтауға арналған бөлме; саптық дайындық бойынша
сабақ өткізу алаңы; рота бойынша күндізгі кезекшінің міндеттерін іс жүзінде
үйрететін орын; сақшының міндеттерін үйретуге арналған орын; тактикалық алаң;
кедергілерден өту жолының кешені; ату тирі; әскери және еңбек даңқының бұрышы.
Оқу
орындарын қару және өзге де әскери-техникалық құралдармен, оқу құралдарымен
қамтамасыз ету оқу орнының есебінен іске асырылады.
Типтік оқу жоспарына
сәйкес алғашқы әскери дайындық пәнінің оқу жүктемесі:
10-сыныпта
– аптасына 1 сағат инварианттық компонент есебінен және
1 сағат вариативтік компонент есебінен, оқу жылында 68 сағатты;
11-сыныпта
– аптасына 1 сағат инварианттық компонент есебінен және
1 сағат вариативтік компонент есебінен, оқу жылында 68 сағатты құрайды.
Будь-те первым, поделитесь мнением с остальными.