Міржақып Дулатов
Міржақып Дулатов
Халық жүрегіне ерекше қымбат тұлғалардың бірі
– Міржақып Дулатұлы. Жақаңның бар ғұмыры халқымен тығыз байланысты. Осы арада
бір ғана жәйтке тоқталсақ, қазақтың азаттық қозғалысының алғашқы сәулесіндей
жылт еткен "Серке” газетіндегі "Жастарға” атты өлеңі мен жариялана түсіп
жабылып қалған "Біздің мақсатымыз” атты мақаласына биыл аттай жүз жыл толады.
М.Дулатұлының есімі ақталып, бүкіл
шығармашылық мұрасы халыққа қайтарылғалы жиырма жылға таяу уақыт болды. Содан
бері оның әлеуметтік-саяси және әдеби-публицистикалық қызметін зерттеп,
қоғамдық сананың игілігіне айналдыру жөнінде бірсыпыра істер атқарылды.
Бұл бағыттағы алғашқы тындырымды қадамдар
ретінде 1988 жылы 4 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен оның заң
жүзінде азаматтық жағынан ақталуын және 1989 жылы 26 шілдеде М.О.Әуезов
атындағы Әдебиет және өнер институтының ұсынысымен Қазақстан Компартиясы
Орталық Комитеті комиссиясының қорытындысы бойынша қаламгердің шығармашылық
мұрасы идеялық-саяси тұрғыдан ақталғанын атап көрсетуге болады.
Осыдан кейін-ақ Алаштың өзге қайраткерлерімен
бірге Міржақып Дулатұлының да қоғамдық-саяси және әдеби-шығармашылық мұрасын
жариялау және кең көлемде насихаттау жұмысы белсене қолға алынды. Тоқсаныншы
жылдардың бас кезінде шығармаларының әуелі бір томдық, сонсоң екі томдық
басылымдары жарық көрді. Тарихшы, әдебиетші ғалымдар оның саяси-әлеуметтік және
әдеби-публицистикалық қызметтерін кең көлемде зерттей бастады. Мерзімді
баспасөз беттерінде өмірі мен қызметі жайында тағылымды мақалалар жарияланды. Алғашқы
ғылыми монографиялар жарық көрді. Кандидаттық диссертациялар қорғалды. Артында
қалған жалғыз мұрагері Гүлнар Міржақыпқызының ерекше күш салып, қалам тербеуі
арқасында "Шындық шырағы” атты екі томдық естелік еңбегі оқырман қауымға тарту
етілді.
Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде
2002-2004 жылдары Алаш ардагерлері ішінде алғашқы болып М.Дулатұлы
шығармаларының бес томдық академиялық басылымы жарық көрді. Солардың барлығының
бір түйінді нәтижесі ретінде бір топ жас ізшілдердің табанды ізденісі арқасында
сонау солтүстіктегі Карелия жерінде дамылдап жатқан ардагер аға мүрдесі Торғай
жеріндегі өзінің туған топырағына әкелініп, қазақ дәстүрімен қайта жерленді.
Енді, міне, белгілі бір мөлшерлі мезгіл
жеткенде, ел жадындағы жақсының ғибратты ғұмырына тағы бір көңіл көзімен барлай
қарап, тағзым етудің сәтті орайы келіп тұрғандай.
Демек, бұл тұста Міржақып Дулатұлы кім деген
сауал көлденеңдей алмайды. Оның халық деп соққан жүрегінің дүрсілі ғасыр
сағатының тіліндей тырсылдап естіліп тұратынына ешкімнің күмәні болмаса керек.
Ендігі мәселе – біз оның табиғи болмысына қаншалықты бойлай алдық деген
сұрақтың төңірегінде ғана өрби алмақ. Сондықтан бұдан арғы әңгімені де біз осы
бағытта жалғастырмақпыз.
Өткен ғасырдың ұшар басында Торғайдың екі
басқыш қазақ-орыс мектебін және Қостанайда осындай мектеп жанынан ашылған бір
жылдық курсты бітіріп, мұғалімдік куәлік алып шыққан жас жігіт туған елінде
бір-екі жыл ауыл мектебінде бала оқытты. Үйез орталықтарында оқи жүріп, елдің
әлеуметтік өмірінен азды-көпті хабардар болған көзі ашық жігіт ауыл тірлігімен
томаға тұйық қала алмады. Әр түрлі салаға ой жүгіртіп, әлденелерге алаң болды.
Сондағы оны ең мазалаған нәрсе, ауыл балаларына жүйелеп сабақ берерлік
оқулықтар жоқ: әсіресе есеп шығартатын, әртүрлі мәтін оқытып жаттықтыратын оқу
құралдары жетпейді, соларды өзіміз-ақ құрастыруымызға болар еді-ау деген ой
мазалайды.
Мектеп қабырғасында әртүрлі ғылыми пәндерден
алып шыққан білімін әрі қарай жалғастырып, жетілдіру жөнінде де іштей бір
қажеттік сезінеді. Әсіресе көбірек әуестенетіні – әдебиет. Кентті жерде орыс
тілін әжептәуір меңгеріп, көркем шығарма оқуға жаттығып қалған ол енді өз
жанынан ой құрастырып, ұйқасты сөздер жазуға да машықтана бастаған. Солармен
қабаттаса мұның назарын аудара беретіні – ел өмірінің ахуалы. Ана тілінде
шығатын там-тұм баспасөз бетінен шұқшия оқитыны – қазақ халқының хал-жағдайын
ойлап қам жеген зиялы азаматтар сөзі. Сондайда көбірек көз тоқтататын екі есім
бар. Бірі – Әлихан Бөкейханов деген кісі де, екіншісі – осы Торғай топырағынан
шыққан, бүгінде мұндағы жұрт аузында жиі айтыла бастаған Ахмет Байтұрсынов.
Жас жігіт соларды бір көрсем деген ниетке
беріле бастады. Ақыры, 1904 жылдың көктемінде, оқу жылы аяқталысымен, Омбы
қайдасың деп, солар тұрған қалаға қарай тартып отырды. Айтқандай-ақ, іздегенін
тапты. Үлкен шаһарға барып, ағаларына сәлем берді. Солардың жылы шырайын көріп,
кемді күн тығыз араласты. Байқайды, екеуі де бұрын-соңды көріп жүрген
адамдарынан бітім-болмыстары тіпті бөлек, текті адамдар. Жүріс-тұрыс, сөз
сөйлеу, үлкенді-кішілі кісіге ілтипат-ықылас білдіру мәнерлері мүлде өзгеше,
өте зиялы.
Әсіресе екеуінің ұзақ отырып әңгімелескендері
қызық. Ылғи да бір жәйттерді алыстан орағытып, кейде тұспалдай сөйлеп, кең
өріске алып кететін келелі ой жүйесі.
Әлекең өзінен жасы кішіге "шырақ” деп сөйлейді
екен. Ал Ахмет ағасы мұны бір көргеннен-ақ жақын тартып, "інішек” атап кетті.
Бір күні Ахаң мұны оңаша әңгімеге тартқаны
бар:
– Інішек, сен келгелі бой-басыңа бағдарлап, байқап жүрмін. Талабың бар,
әжептәуір оқыған, зейін-зердең де орнықты жігіт көрінесің. Мұнда келген
сапарыңды теріс демеймін. Бірақ бұл жердің тәртібі қатаң, аяқ басқаныңның бәрі
есептеулі. Біз де орын ауыстырмақ ойдамыз. Сен ел ішіне шық, жер көр. Өзің оқу
бітіргенде Зайсан өңіріне жолдама ұсынды дедің ғой, әлі де кеш емес, сол жаққа
бетте. Қалың қазақ арасы, қазір көп ауылдарда мектеп ашылып жатыр. Орын
табылар, қажет кезінде Семей мен Омбы да алыстық қылмайды, жол табасың, – деп
қою қоңыр дауысымен баяулап отырып біраз сөз айтты да, үстелінің тартпасынан
қағазға ораған қалың дәптер алып шықты.
– Мынау Абай деген ақынның өлеңдері. Қазақтағы
басқа ақындардай емес, сөзі аз, мағынасы көп, терең. Өзің өлеңге әуестеніп жүр
екенсің, ақын болатын түрің бар. Ендеше, осы кісінің сөздерін оқып көр. Абайды
қазақ баласы тегіс танып, білуі керек.
Қағылез жігіт жақсы ағаның айтқанын екі
етпеді. Елдің қиыр шығысындағы Зайсанға қарай жол тартты. Сонда барып,
Бекмұхамбет қажы атанған бір белгілі кісінің ауылындағы қазақ мектебіне мұғалім
болып орналасты.
Бұл бұрын өзі көрмеген кереметтей көрікті өлке
екен. Басын бұлт шалып, мұнар басқан биік-биік тау жоталары, сол таулардан
сарқырап аққан өзендері, теңізге бергісіз айдын шалқар көлі бар ғажайып өңірдің
табиғатын тамашалап, сабақтан бос кездерінде біраз аралаған. Сондай әсем
көріністердің әсерімен қиялы шарықтап, ақындық шабыты да ояна түскендей еді.
Бірақ көңілге қаяу салатын келеңсіз жәйттер де
байқалды. Шаруашылыққа өте қолайлы осыншама бай өлкенің ең сулы-нулы өңірлерін
келімсектер келіп иемденіп алған. Бұрын таудың төскейін жайлап, етегін ықтап дегендей,
емін-еркін иемденген жергілікті халықтың көші-қон өрісі тарылып, өз жеріне
өздері өгейсіп қалған жайлары бар екен. Осыны көргенде жігіт көңілі самарқау
тартып, аңсары орталыққа қарай ауа береді. Ой көзін сол жаққа қадап, құлағын
алыстан жеткен хабар-ошарға тосады. Бұл жаққа кешеуілдеп келетін газет беттерін
тінтіп оқиды.
Ақыры көзінің анық жеткені – арғы ішкі
Ресейдің орталық қалалары қатты дүрбелең үстінде екен: жұмысшылар ашық күреске
шығыпты; саяси қозғалыс кең қанат жайған. Соның дүмпуінен сескенген патша
манифест жариялап, халыққа әртүрлі жеңілдіктер мен шектеулі кеңшілік берген
тәрізді. Осыны пайдаланған қазақ зиялылары да қарап жатпай, Орынбор, Омбы
сияқты қалаларда бас қосып жатқан көрінеді. Сондай бір үлкен жиын Қарқаралыда
болады екен деген анық хабарды естігеннен кейін, бұл дереу солай қарай аттанды.
Міржақып мұнда бұқаралық үлкен шеру қарсаңында
келген. Өзінің бұрыннан таныс ағалары Әлихан мен Ахметтен жай-жапсарды
естігеннен кейін, сол дүрмектің алдыңғы қатарынан көрінді. Шеру өткеннен кейін
қазақтың зиялы азаматтары халқымыздың құқықсыз құлдық жағдайларын баяндап
келіп, патша үкіметіне он төрт пункттен тұратын петиция әзірледі. Осы шаралар
үстінде белсенділік танытқан жас мұғалім қазақтың тұңғыш ұлттық партиясын құру
жөніндегі құрылтай съезіне баратын делегаттар құрамына сайланып, Орал қаласына
келді. Одан әрі өздері үлгі тұтқан Ресей кадет партиясының съезіне қатысу үшін
бір топ адамдармен Петербургке кетті.
Осы сапар жас жігіттің көкірек көзін ашып,
саяси санасын қалыптастыруда өте тағылымды мектеп болған. Қарқаралы мен
Оралдағы, одан кейін Петербургтегі талай бас қосқан жиындарда қазақтың не бір
марқасқа зиялыларымен жақын танысып, олармен ұзақ дидарласып, көп-көп пікір
алмасқан. Сөйтіп, өзінің заманы жайлы, ел тағдыры, халқының мүшкіл халі жөнінде
ішкі сенімін нығайта түскен. Солардың ішінде Міржақыпқа ерекше әсер еткен
Шахмардан Қосшығұлов болды. Өте іскер, әрі ауқатты көрінген бұл кісі өзі сияқты
біраз беделді адамдармен пікір қосып, Петербургте қазақ тілінде газет шығаруды
ойластырады екен. Ақыры, сол істің хаттама құжаттары, қаржы-қаражат жағы
бірыңғайланып, татар тілінде шығатын "Улфат” газетіне қосымша ретінде бастауға
рұқсат алғаннан кейін, бұл соның алғашқы санына арнап "Жастарға” деген шағын
өлеңін ұсынды. Қосшығұловтың тапсыруымен кейінгі бір санына арнап көлемді
мақала жазды. Сөйтті де келген ізімен кері қайтты. Бірақ істің аяғы насырға
шапқанын ол кейін білді.
"Серкенің” жаңағы өлең жарияланған бірінші
саны жарық көріп, одан кейінгі санына аталған мақала әзірленіп жатқанда, газет
материалдары түгелдей тәркіленіп, оған біржола тыйым салынғаны тарихтан
белгілі. Баспасөзді бақылаушы шенеуніктер газет материалдарында үкіметке қарсы
айтылған пікір бар деп тауыпты да, оған қатынасқан адамдардың бәрі жазалансын
деп үкім шығарыпты. Бірақ бүркеншік атпен жазылған мақала авторын таба алмапты.
Осы жәйттен көңіліне секем алған Міржақып ел
арасында бас бағып жүреді де, 1909 жылы Қызылжар қаласына келеді. Осында әуелі
кітапханада, одан кейін аралық сот кеңсесінде тілмәш-хатшы қызметін атқара
жүріп, өндірте шығармашылық жұмыспен шұғылданады. Бұдан бұрынғы өзі
басы-қасында болған оқиғаларды ойға салып қорытып, терең тебіреністен туған
өлеңдерін қағазға түсіреді. Сөйтіп, 1909 жылы Уфа қаласында "Оян, қазақ!” атты
тұңғыш жинағы жарық көреді. Араға бірер жыл салып, Қазан қаласынан "Бақытсыз
Жамал” атты қазақ әдебиеті тарихындағы тұңғыш романы шығады.
Бұл екі оқиға халқымыздың сол кездегі рухани
өмірінде ел құлағын елең еткізген айтулы жаңалық болғаны бұл күнде баршаға
мәлім. Әсіресе өлеңдер жинағының бүкіл қазақ даласын қалың ұйқыдан дүр
сілкінтіп оятқаны халық зердесіне мықтап орныққан. Соның айқын бір айғағы –
артынан жеделдетіп екінші рет басылуы. Бұдан кейін Міржақыптың үстінен қылмысты
іс қозғалып, артынан тынымсыз тыңшылық бақылау қойылғаны, сөйтіп, Қызылжар,
Семей, Омбы, Орынбор, Саратов қалаларының тергеу орындарында кітап авторы
туралы неше түрлі сұрау салу, бір-біріне қосымша деректер хабарлау жөніндегі
қызу науқан туғызылғаны да қазір міржақыптанушылар арасында белгілі жәйттер.
Міне, осының барлығы жинақталып келгенде,
кітап авторының тұтқынға алынып, Семейдің абақтысында біржарым жыл қамауда
отырғанын, сонсоң екі мың сом айып төлеп әзер құтылғанын және білеміз.
Бірақ қуғын-сүргін мұнымен аяқталмаған.
Петербургте бір кезде "Серкенің” ісімен айналысқан тергеушілер енді "Оян,
қазақпен” шұғылданып отырғанда, ертеректе тәркіленген газеттің мазмұнымен бір
ұқсастық тапқандай, сондағы қағаздарды архивтен көтеріп салыстырса, "Арғын”
атын жамылып жүрген мақала авторы Дулатовтың нақ өзі болып шығады. Осыған қатты
шамданған шенеуніктер мұндай газетті мұрағат қорында сақтауға болмайды деп
тауып, сот палатасының шешімімен "Серкеге” байланысты барлық құжаттарды түк
қалдырмай құртып жібереді.
Сонда осының бәрі не үшін еді? Тек қана
қазақтың бодан болып, құл болып қаналғанын, құдай берген атамекен жер-суынан
айрылып таланғанын айтқаны үшін ғана болатын. Міржақыптың Алаш қозғалысындағы
қайраткерлік қызметінің алғашқы кезеңі осылай аяқталған.
М.Дулатұлының Ахмет Байтұрсынұлымен, Әлихан
Бөкейханмен тығыз ынтымақтасып, "Қазақ” газетін шығару жөніндегі атқарған
қызметін екінші кезеңге жатқызамыз. Бұл жылдардағы редакцияның ішкі жұмысын
ұйымдастырып, талай қиындықтарды бастан кеше жүріп, газеттің тарихи міндетін
орындап шығуы үшін Міржақыптың тек өз қара басы тарапынан қаншалықты ерен күш
жұмсағаны өз алдына. Бұл жерде оның бәрін тәптіштеп айтып жеткізу мүмкін емес.
Сондықтан біз оның бұл кезеңдегі шынайы азаматтық тұрғыдан бой көрсетіп, қазақ
халқының ұлттық мүддесі үшін мемлекеттік тұрғыдан көтерген аса күрделі
мәселелеріне ғана қысқаша тоқтала кетуді жөн көреміз.
Міржақып бұл тақырыпқа тіпті "Қазақ” газеті
шықпай тұрғанда, өзі "Оян, қазақ!” үшін тұңғыш қуғын көріп, бой тасалап жүрген
кезде-ақ қалам тартып, 1911 жылы "Айқап” журналына "Государственная дума һәм қазақ”
деген мақала жазған. Оның мазмұны мынадай: 1905 жылы бірінші революция
дүмпуімен патша халыққа бірқатар бостандықтар жариялағаны жоғарыда айтылды.
Соның бірі Ресей халықтарының Мемлекеттік думаға өздерінен белгілі көлемде
депутат сайлауына құқық берілуі болатын. Бірақ бұл кеңшілік ұзаққа бармады.
Демократиялық қозғалыстың толқыны қайтып, ел іші тыныштала бастаған кезде,
патша өз жарлығын өзі бұзып, бірсыпыра бұратана халықтарды мемлекет билігінің
жоғарғы органына өкіл жіберу еркінен айырған-ды. Солардың ішінде қазақ та бар
еді. Осы қорлыққа Жақаң қара басының қайғысындай қапаланады. "Бұған шыдап отыра
бермейік, бүкіл халық болып үн қосып, талап етейік”, – дейді. Рұқсат беріле
қалған күнде жоғарғы заңнамалық орынға халыққа шын жаны ашитын және айтар ойын
дәлелді етіп жеткізе алатын білікті адамдарды сайлау қажеттігін айтады. Осы
орайда І Мемлекеттік думаның сайлауы кезінде "қазақ үшін өмірін, білімін
жұмсап, ауыр жазаларға кіріптар болып, жанын қиып жүрген күллі қазақ халқына
бірінші дерлік жолбасшымыз” Әлихан Бөкейханов үстінен Тоқырауын болысының
жамандап арыз бергенін қынжылып еске алады (қараңыз: Міржақып Дулатұлы. Бес
томдық шығармалар жинағы, "Мектеп”, 2003. 38-бет). Бұдан былай мұндай
жолсыздықтар болмасын деп ескертеді. Ол осы ойларын кейінірек "Қазақ”
газетінде "Государственная дума һәм солдаттық мәселесі”, "Государственная дума”
деген мақалаларында тағы да пысықтап айтады.
Дулатұлының халық тағдырына әрдайым биік
мемлекеттік, әлеуметтік тұрғыдан қарайтынына "Қазақ” бетінде жарияланған "Қазақ
халқының бас адамдарына”, "Жер мәселесі”, "Қазақ жайлы”, "Қазақта мүфтилік
мәселесі”, "Бас қосуға рұқсат берілмейді” сияқты мақалалардан айқын көз
жеткізуге болады. Халқымыздың сол кездегі экономикалық хал-ахуалын өркениетті
жолмен жақсартуға үкімет тарапынан қамқорлық білдіруі жайын ойластырып, газет
бетінде "Земство не нәрсе?” деген тақырыпқа сегіз бірдей мақала жазуының өзі
көп нәрсені аңғартса керек.
Міржақыптың шынайы қайраткерлігіне патшаның
маусым жарлығынан кейін Алаштың өзге басшыларымен бірлесіп жасаған іс-қимылдары
айқын дәлел. Жарлық жарияланып, қазақ жігіттерін майдандағы қара жұмысқа алатын
болғандығы анықталғаннан кейін, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов үшеуі
қол қойып, "Қазақ” газетінде "Алаштың азаматы” деген үндеу жариялады. Олар
жарлыққа көнген күндегі тұрмыстың қиындығы мен көнбеген күндегі жойқын қырғынды
көзбен көргендей етіп салыстыра келіп, халықты көну жағына шақырды. Патшаның
жарлығына қарсы шығып бас көтерген Түркістан уәлаятында соғыс жағдайы
жарияланғанын мысалға келтірді. Істің моральдық жағын да ескертті.
"Бұл соғыстың ылаңын ешкім тілеп алмаған
шығар, біздің де көрейік деген күніміз бұл емес еді... Отандастарымыз – орыс
халқы, діндес қандастарымыз ноғай халқы һәм сондай сыбайлас жұрттар отына күйіп
жатқанда, жалынына біздің шарпылмай қалуымыз қиын көрінеді... Дүние бұл күйінде
тұрмас, соғыс та бітер. Сол кезде әркім қызметін бағалар. Сонда еккенде жоқ,
сепкенде жоқтар сыбағаға ортақ бола алмас. Теңдікке ортақ болайық десек, осы
бастан түбін ойлауымыз керек. Алмақтың да салмағы бар” (сонда, 278-бет), – деп
жазды.
Авторлар бұл істі қалай жүргізудің жолдарын
көрсетіп, ақылдарын да айтты: "Біз естиміз, елдің көбі бұл істің жаласын
ауылнай, болыстарға аударып, список бермей отыр дейді, бұлары – қате. Болыс пен
ауылнайда ерік жоқ, бұйырды – орындады. Бірақ болыс, ауылнайлар да орынсыз
басып-жаншып кетем демей, халықты шиелендірмей, ақша алып, біреуді құтқарам,
біреуді жіберем демей, дұрыстықпен қызметін атқару керек. Бұл жұмыстан ақшамен
сатылып қаламын деушілер де болмасын...” (сонда, 275-278-беттер).
Жарлық жарияланғаннан кейін бес ай өткенде
А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы және басқа кісілер атынан Торғай һәм Ырғыз үйезінің
халқына жолданған хатта жоғарыда айтылған ойлар әрі қарай пысықталып шегелене
түсті. Жарлыққа көнбей, қарсылық білдірген Түркістан сарттары мен Жетісу
қырғыздарының қатты қырғынға ұшырағанын хабарлай келіп, авторлар өздерінің
жанайқайын айтты:
"Бұл хатты жазушы біздер – өз балаларың, өз
тумаларың, жанымыз ашиды, қабырғамыз қайысады. Біздің ата-ана,
туған-туысқандарымыз іштеріңде. Бізді қазақ баласы, қанына тартады, жаны ашиды
десеңдер, тіл алыңдар: қан төкпеңдер, қарсылық қылмаңдар! Алынатын жастар басын
қорғаймын деп үйдегі кемпір-шал, қатын-баланың обалына қалмасын! Бізді орысша
оқып, орыс арасында жүр, біздің пайдамызды айтпас деп ойлайтындарың бізді Құдай
мен аруаққа тапсырыңдар!.. Әркімнің ниет-көңілі бір Аллаға аян, бізге
сеніңдер!” (сонда, 284-бет), – деп егіле жазды.
Алаш арыстарының айтқаны келді. Қарсылық
білдірген өңірлердің азаматтары қатты құрбандыққа ұшырады. Бірақ үкімет онымен
де шектелген жоқ, аламын деген адамдарын алды. Алаш қайраткерлерінің шын
жанашырлық азаматтығы сол кезде көрінді. Басы Әлекең мен Міржақып болып, майдан
шебіндегі қара жұмысқа алынған қазақ жігіттеріне жәрдемдесу жөнінде әр жерден
орталықтар ашып, солардың басы-қасында жүрді. Тіл білмегендерін тікелей
қамқорлыққа алып, керек-жарақтары болса, қалтқысыз қамтамасыз етіп тұрды
Дүние жүзілік соғысқа киліккен Ресей қатты жеңіліске
ұшырап, титықтап тұрған кезде ішкі демократиялық қозғалыс белең алып, патшаны
тақтан тайдырғаны Алаш қайраткерлері үшін көктен тілегендері жерден табылғандай
жаңалық болды. Белоруссияда тылдағы қазақ жігіттері арасында жүрген Бөкейхан
мен Дулатұлы ақпан төңкерісі жүзеге асқаннан кейін дереу Петроградқа келді.
Патшалық құлап, билік Уақытша үкімет қолына көшкеннен кейін астана көшелерінде
салтанатты шеру өткізген халықтың қалың ортасында жүрді. Билік басына келген
социалист-революционерлердің декларациясымен Ресей халықтарына бостандық
жарияланғанын олар зор қуанышпен қарсы алды.
Елге келгеннен кейін Әлихан, Мұстафа, Міржақып
үшеуі қол қойып, "Алаш ұлына” деген тақырыппен "Қазақ” газетінде жариялаған
хатта олар өз сезімдерін мынадай сөздермен білдірді:
"Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді.
Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ.
Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз һүкімет,
өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас сапарға кетті. Жүз жылдан бері
халықты теңдікке жеткізу жолында ескі һүкіметпен алысып, дарға асылып, оққа
ұшып, басы айдауға, малы талауға түсіп жүрген сабаздар жасымай, бірі кемісе,
оны артып, ақырында Россия қол астындағы халықтардың бәріне дін, ұлт, тіл айырмасына
қарамай, азаттық әперді” (сонда, 297-бет).
Осы сөздерде Алаш қозғалысы басшыларының
болған оқиғаға көзқарасы мен бағасы да, олардың болашақтағы іс-қимылға бағдар
етіп алатын жөн-жобасы да бар еді. Соған сәйкес қызу қарбалас жұмыс басталды.
Бірінші кезекте облыс орталықтарынан Алаш
комитеттерін құрып, халық съездерін әзірлеу қажет болды. Ол съездерде елдің
болашағы туралы кең көлемде пікір алмасу өткізілді, бүкіл қазақ съезіне
делегаттар сайланды. Сол жылғы 20 шілде күні Орынборда тарихтағы тұңғыш жалпы
қазақ съезі ашылды. Алты күнге созылған бұл айтулы жиынның күн тәртібіне 14
мәселе енгізілген. Солардың ішінде мемлекеттік билік туралы, қазақ автономиясы,
ұлттық партия құру, әскер жасақтау, Орталықта болатын Құрылтай жиналысына
әзірлену сияқты өте маңызды мәселелер бар еді. Алғашқы екі мәселе бойынша
Ә.Бөкейханның ұсынысымен демократиялық федеративтік және парламенттік Ресей
республикасының құрамында қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы болсын
деген шешімге келді. Оның басқа да саяси-ұйымдық мәселелерін анықтау Құрылтай
жиналысынан кейінгі мерзімге қалдырылды.
Съезде ұлт зиялыларының зор белсенділігімен
талқыланып, көтеріңкі ынта-жігер үстінде шешілген мәселе – қазақтың ұлттық
партиясының құрылуы болды. Оған Алаш деген атақ берілді. Алдағы Құрылтай
жиналысына сайланатын депутаттар осы Алаш партиясының атынан ұсынылатын болсын
деп шешілді. Айтқандай-ақ, Қазақстан аумағында үш партиядан депутаттар
сайлағанда "Алаш” партиясы басым көпшілікке ие болды.
Бірақ осы кезде жалпы Ресей көлеміндегі саяси
ахуал күрт өзгеріп кеткен-ді. Ақпан кезінде саяси биліктен сырт қалған
большевиктер қарулы күшпен қазан төңкерісін жасап, өкімет билігін басып алды
да, Уақытша үкіметті таратып жіберді. Ел ішінде жаңа тәртіп орнайтынын жария
етті.
Патша тұсында бұратана атанып, саяси
езгіліктің зарын тартып жүргенде Уақытша үкіметтің қолынан бостандық пен теңдік
алған Алаш қайраткерлерінің большевиктер үстемдігіне жатырқай қарауы заңды еді.
Олар мұны шынында да қабылдамады. Өздерінің алған бағытын ұстанып, алда тұрған
күрделі мәселелерін талқылау үшін жалпы қазақтың ІІ съезін шақырды. Оның күн
тәртібіне қазақ халқының тағдыры үшін шешуші маңызы бар он түрлі мәселені
шығарды. Солардың ішіндегі ең негізгі ұлттық автономия мәселесі жөнінде Әлихан
Бөкейхан баяндама жасады. Ел іші екі жарылып, қиян-кескі жағдай туып жатқанда,
Алаш аймағын аман сақтап қалу мақсатымен Ұлттық кеңес құрылды, оған Алашорда
үкіметі деген ресми атақ берілді. Оның төрағасы болып Бөкейхан сайланды. Бірақ
әлі де Құрылтай жиналысына қарайлаған съезд автономияны ресми түрде жария етуді
әзірше кейінге қалдырды.
Ел ішіндегі жағдай съезден кейінгі кезеңде
тіпті шиеленісіп кеткен. Ресей көлемінде большевиктердің тәртібіне қарсы
наразылық күшейе берді. Үкімет билігінен аластатылған эсэр партиясы өзіне
тілектес басқа да саяси күштермен, патшаны жақтаған ақ гвардия әскерлерімен
бірігіп, большевиктік тәртіпке қарсы күреске шықты. Ел іші екіге жарылып,
азамат соғысының өрті қаулады.
Солардың арасында Алаш үкіметі де өте қысылшаң
жағдайға ұшырады. Алғашында әліптің артын бағып, тұра тұрайық дегенмен, олар
бейтараптық сақтап қала алмады. Бір бүйірден Самардағы Құрылтай комитеті
Алашорданы ресми үкімет деп танып, қаржы-қаражат, қару-жарақ, тағы басқа
қажеттіктен көмек көрсетуге әзірлік білдірсе, екінші жақтан сібірлік Колчак үкіметі
қылышын жалаңдатып, өзінің жағында соғысуды талап етті. Қазақ жерінде орнап
жатқан большевиктердің бопсалауы өз алдына.
Ақпан мен қазан арасындағы дүрбелең кезінде
Алаш жұмысын жолға қойып жандандыруда, әсіресе екі съезд арасындағы қызу
науқан кезінде ерекше белсенділік пен іскерлік танытқан Міржақып бұл кезеңде де
өзінің қажыр-қайратынан жаңылған жоқ. Төңкерістің алғашқы кезінде күшпен
жабылып қалған "Қазақ” газеті 1918 жылдың күзіне қарай қызылдардың бір
әлсіреген тұсында қайта жанданып шыға бастағанда, оның бетінен Дулатұлының
шынайы ұлтжанды қайраткерлік үні былай естіліп еді:
"Алашорданың көркеюі, Алаш автономиясының тез
жарыққа шығуы алдымен екі нәрсеге байлаулы: милиция һәм қазына... Бұл екі жұмыс
әр жерде әртүрлі орындалып жатыр... біздің жұрт қатарына қосылып қалатын
күніміз осы. Біздің жұрттықтан құралақан қалатын күніміз де осы” (сонда,
354-355-беттер).
Осыған жалғастыра жазған "Қайтсек жұрт
боламыз?” деген мақаласында автор әлгі ойын әрі қарай жалғастырады: "Патша
түсіп, ескі тәртіп жеміріліп, бостандық туғанына жыл жарым болды. Сонан бері
дүние жайланып, халық рақат ғұмыр сүре алмай, саясат күнде өзгеріп, жұрттың
мазасы кетіп тұрғаны рас... Осындай қара құрық заманда біз секілді аз халықтар
ұйымдасып, жұрт қатарына қосылып қалудың ылажын қарап жатыр. Жұрт елдігі
бүгінгі күнгі тірі жүрген адам баласына ғана хас емес, кейінгі нәсіл,
үрім-бұтақтың қор болмауы үшін керек зат... Кейінгі буынның ата-бабасы –
бүгінгі тірі жүрген біздер. Біз келешекті ойламасақ, кейінгі нәсіліміз бізді
қарғамай ма? Алла хұзырында, тарих алдында біз жауапкер емеспіз бе?”
Естіген адамның санасын селт еткізгендей осы
сөздерден кейін Міржақып халқының жай-жапсарын былай сипаттайды: "Біз қазір екі
жолдың тарауында тұрмыз. Қайсысына түсетін болсақ та ерік өзімізде.
Бір жол – құлдық жолы... Осындайда жігімізді
ашып, жер-суымызды қорғап, билігімізді өзіміз алып қалмасақ, күні ертең бізді
алдына салып айдап кетуге ие табылады... Құлдық жолы дегеніміз осы.
Екінші жол – жұрттық жолы. Осы бастан
автономия алу жолына кіріссек, Алаш һүкіметіміз деп тырысып тұрсақ, бізді ешкім
басынбайды, һүкіметі бар, әскері бар жұрт деп бізбен әркім есептеседі” (сонда,
360-362-беттер).
Ұлы мақсат жолында қандай қауіп-қатерден де
тайынбайтын қайсар азамат Алаш үкіметінің бұйрығымен ел ішінен әскер,
қару-жарақ, ат-тұрман жинап, қол жасақтап, соғысқа араласты. Сөйтіп, жан беріп,
жан алысқан екіталай күндердің бірінде өзі сойылын соғып жүрген Колчактың Алаш
үкіметін тарату туралы бұйрығы жетті. "Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,
жалғаны жоқ бір тәңірім, кеңшілік қыл” деген Абайдың өлең жолдарын мұңмен еске
алған Міржақып жорық жолының бағытын өзгертіп, ат басын елге қарай бұрған.
Осыдан тағы біраз уақыт өтіп, қазақ жерінде
большевиктер үстемдігі біржола орныға бастаған кезде шын ниеттерімен кеңес жағына
шыққан ұлтшылдарға кешірім жарияланыпты деген хабарды естіген Дулатұлы әскерін
таратып жіберіп, қару-жарағын лақтырып тастаған.
Өз діні мен ұжданына берік Міржақып сынды
азаматтың бір демде бүкіл көзқарасын кілт өзгертіп, басқа жолға түсуі оңай болмаса
керек. Ол іштей қиналмады, тебіреніп-толғанбады десек, оны арзан бағалағандық
болар. Сөз жоқ, ойланды, толғанды. Бірақ халқы осы үкіметтің қол астында
тұрғанда, одан безіп ешқайда кете алмайтынын сезді. Сондықтан шын ниетімен,
адал пейілімен сол халқына қызмет етудің ендігі жолы осы деп, өз жолдастарымен
бірге бұл да кеңес жағына шыққан.
Обалы не керек, кейінгі еңбек жылдарында
сондағы ішкі сертінен қадірменді Міржақып ағамыз бір тайған емес. Бойындағы бар
қажыр-қайратымен, білік-тәжірибесімен үкімет қызметі арқылы халық мүддесіне
адал еңбек сіңірді. Сол іске әрдайым өзінің қабілет-дарынын толық жұмсап
отырды.
Жиырмасыншы жылдардың басынан бастап, сол
жылдардың аяғына таман – тұтқынға алынғанға дейінгі бүкіл өмірі біздің
көзіміздің алдында. 1920 жылы 7 қарашада Омбыдағы "Кедей сөзі” газетінде
жарияланған "Октябрь төңкерісінің үшінші жылы” деген публицистикалық толғауынан
бастап, 1928 жылы 19 қазанда "Еңбекші қазақта” жарық көрген "Мәдениет
төңкерісінің міндеттері мен оқытушы” деген проблемалық мақаласына дейінгі бүкіл
мұрасы тек қана бір мақсатқа – туған халқының рухани талабына қызмет етуге
арналған.
Бірақ тағдыр, барлық Алаш боздақтары сияқты,
Міржақыпқа да әділдік көрсетпеді. Өмірінің соңғы кезеңі тағы да
қуғын-сүргінмен, ауыр азаппен өтті. Бірақ есесіне оның рухына бүгінгі ұрпақ
адал. Мен алаш деген, мен қазақ деген әрбір адам оның атағын ардақтап, аруағына
тағзым етеді. "Азаматым! Ардағым!” деп жүрегінің ыстық мерейіне бөлейді. Біз де
соның біріміз. Атақ-даңқың халқыңмен бірге жасай берсін, әз Аға!
Будь-те первым, поделитесь мнением с остальными.