Қазақ әдебиетіндегi жыраулық дәстүр
XVIII ғасырдың қазақ ұлыстары үшін жан жадыратар қуанышты оқиғалармен басталмағаны мәлім. Әйтсе де, халықтың елдік тарихында бұл ғасырдың алар орны айрықша. Өйткені, қазақ қауымы бұл дәуірде аты шулы «Ақтабан шұбырынды» сынды қайғылы оқиғаны басынан өткерді. Осы зілзаланы қазақтың басына түсірген, сол замандағы Орталық Азиядағы айбарлы мемлекет – жоңғарлармен ширек ғасырдан астам уақыт бойы табан тіресе күресе отырып, оның тарих аренасынан біржола шығып қалған тұсының куәгері болды. Осы халықпен қандас Еділ қалмақтары ата қоныстарына қайтқан тұста олармен айқасып бақты. Ал, осы оқиғалардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты жайлар еді. Өйткені, қазақ ұлыстарының жоңғарларға қарсы азаттық үшін күресі – атышулы «Ақтабан шұбырынды» сынды қасіретті оқиғаның жалғасы, кек қайтару шайқастары болып қана қалған жоқ. Бұл күрес жолында қазақ халқы өзге бір әлеуетті ел тарапынан өзіне сүйенер тірек, дос табуды мақсат тұтты. Ресей, Қытай секілді іргелі елдермен араға елшілерін, хабаршыларын жүргізді. Және соның ақыры ізсіз кеткен жоқ. Қазақ жұрты Ресей елінің боданы болды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы кезіндегі халқымыз тартқан ауыртпалықтың салмағы исі қазақтың бәрі білетін аты шулы «Елім-ай» әнінде керемет суреттеледі. Бірақ, он бір буынды қара өлеңмен айтылған бұл туындының авторы ұзақ уақыт бойы халық боп есептеліп келеді. Әрине, қазір халықтікі болып есептеліп жүрген талай туындының әу бастағы иесі жеке адам екенінде дау жоқ қой. Бірақ, Бұқар жыраулармен тұстас адамның көкірегін жарып шыққан осы шығарманың авторы жайлы халықтың жақ ашпай келуінде нендей сыр бар? Біздіңше, мұның мәнісі мынада: халық өзінің табиғатында намысқой. Ол бірлі-жарымды адамның емес, күллі халықтың сүйегіне түскен таңбаны, ел болып «етегін жапқаннан» кейін, авторын айта отырып, жаңғырта жырлауға қашан да құштар болмаған. Сондықтан кешегі бір жан даусы шыға қиналған тұста өзінің мұңы мен қайғысын қапысыз тап басқан әуен мен сөзді айтса да, оның авторын айтпайды. Өйткені, мұндай автор кейінгі күндерде өмір сүріп, елміз, халықпыз деп, соның абыройлы, рухтылығын қалай еткенде де жоғары ұстаймыз деп жүргендер үшін кешірілмес күнә иесі секілді болып қабылданады.Ал, жалпы осындай елдің басынан кешкен үлкен трагедиялы хәлді жырлауға сараңдық тек бір қазақ жұртына ғана емес, барша халықтарға тән қасиет. Бұл тұрғыда авторлы туындыларды іздеп табудың қиындығы былай тұрсын, халық атымен
айтылатын жай өлең-жырлардың өзі сирек кездеседі. Мәселен, 1771 жылы Еділден Алтайға қоныс аударған кезінде азып-тозып, талай рет қазақ қолының талауына түскен торғауыттарда бір ғана (онда да азапты оқиғаның себебі, жай-күйі айтылмай-ды) халық жырынан өзге сол кезеңнің оқиғасынан хабар беретін әдеби мұра сақталмаған. Сондай-ақ, орыс халқының ел ретінде жусай жеңілген, дүрбелеңге түскен кезін жырлайтын бір ғана Ксенияның жоқтауы болмаса бұл халықтың да тарихи жырларында ондай сұрапыл кезең суреті көп көріне бермеген сияқты. Ал, оның есесіне елдің мерейі өскен, жауын мұқатқан сәттерін жырлайтын туындылар әлдеқайда көптігімен, өміршеңдігімен назар аудармақ. Мысалы, 1771 жылғы оқиға туралы бір ғана қысқа жырдан өзге фольклорлық мұрасы сақталмаған қалмақ
жұртында содан бір ғасырдан астам бұрын өткен жайды, яки 1652 жылдың қысында қазақ пен қырғыз жұртының билеушісі Салқам Жәңгірді Цецен ханның он жеті жасар ұлы Галдаманың айқас үстінде қалай өлтіргендігін жырлайтын көркем жыр бар. Сол сияқты қазақтарда да қалмақ жұртының күйрей жеңілген тұстарын көтере
көрсететін фольклорлық мұраларды былай қойғанда, авторлы туындылардың өзі бірқыдыру. [1,123-125 ] Ал, Қоңырқожаның «Ақтабан шұбырынды» шығармасынаавторлық қатысы жоқтығы анық айтылады. [30,14-17бб ]
«Қаратаудың басынан көш келеді» туындысының әу бастағы
авторының кім екендігі төңірегінде тұспал жасап, оның қанша нұсқасы, ілгерілі-кейінді уақыттарда бұл шығарманың қай басылымдарда жарық көріп, кімдер зерттеп, кімдер сөз еткендігі (С.Сейфуллин, Қ.Жұмалиев, Н.С.Смирнова, Ж.Досқараев, Б.Уахатов) Г.Тұрсынова зерттеуінде де сөз болады. Мұнда автор өзіне дейінгі зерттеушілер пікіріне сүйене отырып пікір айтады. Қазақстан Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында халық мұрасын жинаушы Қаратай Биғожин тапсырған қолжазба бар екендігін, оны жинаушы Бұқар жыраумен тұстас Керей Қожаберген
жырау шығарыпты дейтінін хабарлайды. [31,351-358бб ] Сондай-ақ, филология ғылымдарының кандидаты М.Жармұхамедов те «Қазақ әдебиеті» газетінде Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жыр-дастаны туралы мақала жариялаған. [32 ]
Әрине, мұның бәрі «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінде айқын із қалдырған болса, соңғы кезге дейін неге беймәлім болып келген деген сұрақты туғызады. Бәлкім, кезінде мұндай алапат оқиға үлкен дастан немесе ұзақ толғау ауқымында жырланса жырланған да болар. Бірақ, ондай туындылар XVIII ғасырда да, онан кейін де халық ішіне жоғарыда айтқан себептерге байланысты кең жайыла алмауы заңды. Ал, оның есесіне қазақтың сол «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы кезінде кеткенесесін қайтарған тұстары, соның себепкері болған қаһармандары біраз жырланғандығы аян. Сол уақыттағы біраз батырлар тарихи дастандардың кейіпкерлеріне айналды. Кейбіреулері хақында тіптен бірнеше тарихи жыр, дастан бар. Ол дастандардың негізгілері біраз жылдардан бері қарай зерттелініп келеді. Солардың ішінде М.Әуезов,Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Н.С.Смирнова, Р.Бердібаев, Б.Уахатов, Т.Сыдиықов,
т.б. ғалымдардың эпос табиғаты және оның қазақтың батырлық жырларына қатынасы хақында айтқан пікірлері бұл төңіректі зерттеушілер үшін үлгі тұтар ғылыми еңбектер екендігі хақ. Сондай-ақ, аталмыш дәуірдегі батырлар ерлігін баяндайтын тарихи жырлар және олардың XVIII ғасырдағы саяси-әлеуметтік оқиғалармен байланысы жайын, олардың зерттелінуі мен жанрлық тұлғасын, тегі мен туыстық төркінін бүгінгі күнгі фольклор ғылымының межесі тұрғысынан қарастырған Академияның Әдебиет және өнер институтының фольклорист ғалымдарының ұжымдық монографиялық зерттеулерінің жаңалық нышандары да көңіл аудартады. XVIII ғасырдағы жыраулардың ең көрнекті өкілі Бұқардың, жорық жыршылары Тәтіқара жырау мен Үмбетей жыраудың толғауларындағы қол бастаған батырлардың ерліктерін өз заманындағы өлеңмен өрілген көркемдік шежіренің жұрнағы деп тануға болады. [35,76с] Әрине, бұл авторлардың әдеби қаһармандары өмірде болған нақтылы тарихи тұлғалар екені, олардың өздерін көрсете білген өмір сахнасы негізінен жоңғарлықтармен күрес кезеңі, онан кейінгі қазақ қауымы бастан кешкен бірсыпыра оқиғалармен байланысты екені мәлім. Ал, жоңғарлармен арада өткен айқас жолы «Ақтабан шұбырындыдан» бергі уақыттың өзімен есептегенде (1723-
1758 жылдар) отыз бес жылды қамтитын ұзақ мезгіл. Бұл жолда талайлардың даңқы шықты. Олардың арасында тек үстем тап өкілдері ғана емес, бұқара халықтың өзінен шыққан Саурық, Бөгембай, Тайлақ, т.б. сол сияқты көптеген батырлар да болған. Солардың ішінде ұзақ көрініп, небір шоқтықты оқиғалардың басты кейіпкерлерінің бірі болғаны – Қанжығалы Арғыннан шыққан Бөгембай батыр. Сол тұстың әдебиеттерінде барынша жиі жырланғаны да осы кісі. Ал, ол жайлы шығармалар ішіндегі ең мәлімі – Үмбетей жырау мен Бұқар жыраудың батырдың өлімін Абылай ханға естірткен толғаулары мен Үмбетейдің «Бөгембай өліміне» атты жоқтау жыры. Мұнда Бөгембайдың сол кездегі Шақшақұлы Жәнібек, Қаздауысты Қазыбек, Қу дауысты Құттыбай, Қаракерей Қабанбай сынды батырлармен бірге тізе қоса отырып жаудан қазақ жерін азат
еткендігі жырланады. Жаудың кім екендігін, оны қазақ қолын бастаушылардың қай
жерлерден қуып, тартып алынған мекенді кімге қоныс етіп қалдырғандығын Үмбетей:
Баянауыл, Қызылтау,
Абыралы, Шыңғыстау,
Қозымаңырақ, Қоймаңырақ,
Арасы толған көп қалмақ.
Қалмақты қуып қашырдың,
Қара Ертістен өткізіп,
Алтай тауға асырдың.
Ақшәуліге қос тігіп,
Ауыр қол жинап алдырдың,
Қалмаққа ойран салдырдың.
Қабанбай мен Бөгембай,
Арғын менен Найманға
Қоныс қылып қалдырдың, –
деген сөздермен берсе, Бұқар:
Асу алған, тас бұзып,
Тарбағатай белінен,
Қол қондырған қос тігіп,
Борлы деген көлінен.
Қалмақты шапқан шулатып,
Ақшәулінің өрінен.
Қоныс қылған Найманға
Бәрін қуып жерінен, –
деп жырлайды.
Будь-те первым, поделитесь мнением с остальными.