Қазақ әдебиеті 10 сынып. Сабақтың тақырыбы: Міржақып Дулатов- азаттық үшін күрескер.
Есмедетова Марал
Орақбайқызы
№ 83 мектеп- гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Дамыл көрмей ерте-кеш,
Жұрттың қамын көп жедің.
Жағаластың жауменен
«Бермеймін жұртым, жаным» деп,
Алыспақ болдың тауменен,-деген
Мағжанның жыр
жолдарынан қазақтың зиялы перзенті
Міржақып Дулатовтың азаматтық келбеті, адамгершілік тұлғасы,өмірлік ұстанымы ,
алдына қойған мақсаты, халқына еткен қызметі бәрі-бәрі айқын көрінеді. «Оян, қазақ» деп шырылдап қалың
ұйқыда жатқан жұртын оятып, оқу оқы, тіршілік ет, әрекет қыл деп бас көтеруге
шақырғаны үшін отаршыл державаның қуғындауына түсіп, көп қорлық көріп, азап
шегіп, «халық жауы» атанып, атылып кетті. Қазақ жерін емін-еркін иемденіп,
халқын надандықта ұстауды көксеген алыпдержава «сүттің бетіндегі» қаймақтай
ұйыған, қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарынан түгелдей арылуды,
олардан тазартуды жөн көрді.Солардың ішінде Міржақып та кетті.
Міржақып- әдебиеттің
әр түрлі жанрына қалам тартқан қаламгер. Ол поэзия және проза жанрында, драма
саласында өз күшін сынап көрді. Міржақып Дулатов дегенде әрбір қазақ «алғашқы
қазақ романы- Бақытсыз Жамалдың авторы»
деп таниды, яғни бүкіл қазақ әдебиетіндегі ең алғашқы романның авторы- Міржақып.
Міржақып қазақ әдебиетінің проза жанрын жаңа сатыға көтереді. Проза жанрында
бұдан басқа көптеген мақалалары, фельетондары, «Есеп құралы» атты оқулық,
«Балқия» атты драмасы бар.
Ал поэзия
жанрындағы ең алғашқы «Оян қазақ»
өлеңдер жинағы Петербург қаласында жарық көрді. Қазақ ақын-жазушыларының
арасынан М.Дулатов ең алғашқы болып Петербургта-Ресейде кітап шығарған азамат.
Мұның өзі ақын өлеңдерінің өзектілігін, маңыздылығын байқауға болады. Мұнан
кейін Міржақып Дулатовтың «Азамат», «Терме» атты өлең жинақтары жарияланды.
М.Дулатов орыс
патшасының отаршылдық саясатын әшкерелеп, заңсыздыққа, халыққа қысым
жасаушылыққа қарсы шықты. «Оян, қазақ!» деп жігерлене жырлап, қазақ жастарына
оқу, өнер-білім, мәдениетке жету үшін күресу қажет екендігін айтты. Сондықтан
ақынның озат идеяларға толы өлеңдері ел ішіне тез тарап кетті. Ақынның өз
халқын надандықтың шырмауынан құтққарып, әділеттік үшін «Оян, қазақ » деп шырылдаған үнін халқы есітті, есітіп қана қойған жоқ, «елім»
деп еңіреп жүрген ердің соңынан ерді. Әрине, ел ішінде бұл ояныс, бұл толқыныс
патша үкіметінің бақылаушыларына мүлде ұнамады. Сондықтан да Міржақып Дулатовты
қамауға алып, кітаптарын таратуға, оны оқуға үзілді-кесілді тыйым салып, жарық
көрген даналарын жойып ждіберуді қатаң
қадағалады.
«Қазақ жерлері» атты өлеңінде ақын патша үкіметінің
қазақтардың малға жайлы, шұрайлы қонысын тартып алуға бағытталған саясатын:
...Біз кірдік Руссияның фанасына,
Қазыналық деді жердің
һәммасын да.
Айрылсаң қалған жерден осы күнгі,
Топыраққа малды, қазақ, бағасың да,-
деп әшкерелейді. «Аңқау
елге арамза молда» ие болып, қазақттың
бар жерінен айырылып отырғанына іші күйеді.
Оған қоса, қазақ
даласына енгізіліп отырған ел билеу
жүйесінің халық мүддесі үшін жасалмай, патша ұлықтарының билігін күшейту
үшін жасалғанын ақын қапысыз таниды.
Мұнымен мал
шашылып, ар кетеді,
Күшті
әлсіреп, нашардан хал кетеді.
Өтірікті
расқа шығарам деп,
Жалған іске
ант беріп жан кетеді,-деп қазақ даласын бөлшектеп, ұсақ болыстарға бөліп,
сөйтіп, ел басқарушылардың санын көбейту арқылы ел ішіндегі бірлікке сызат түсіруге, араздықты қоздыруға себеп
болып отырған жайларды аңғартады.
Ел ішінде бірлік
болмаса, тірлік болмайтындығын, басқа
ұлттың арасында қор болып, құлдықта жүрмес үшін ауызбіршілік аса қажет
екендігін ұғындыруға тырысады.
«Бірлік жоқ,
алтыауызды халықпыз ғой,
Қатардан сол
себепті қалыппыз ғой»,-деп жырлау себебі де
осында. Ақын қоғам өмірінде белең алған осындай келеңсіз жайттарды
суреттей отырып, қалай болғанда да халқына азаттық алып беруді көздейді. Қазақ
халқының бірлігі, азаттығы, жарқын болашағы жолында жан аямай еңбек еткен
Абылай, Кенесары хандардың өнегесін үлгі тұтады.
Міржақып Дулатов «Алашқа » атты реквиемінде ( қазалы жыр)
қазақтың бұрынғы ақ киізге көтеріп сайлайтын хандары, әділ билері, ел намысын
қорғай алатын батырлары болған кең сахарада малын бағып, еркін көшіп-қонып
жүрген дәуірі артта қалды дей отырып, ол
заман өкінгенмен енді қайтып келмейді, сондықтан уақыттың, қоғамдық жағдайдың
өзгергенін түсініп, соған сәйкес әрекет қылып, қазақ көшін оңға бастайтын
адамдар керек деген ойын білдіреді.
Бүкіл
ғұмырында азаттықтың ақ туын ұстаған М.Дулатов Омбы қаласында жасырын ұйымға
қатысып, қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдері Әлихан Бөкейханов,
Ахмет Бацйтұрсыновтармен танысып, идеялас, мақ саттас, пікірлес болады. Ал
Әлиханның да, Ахметтің де қазақ бостандығы үшін күресіп, орыс цензурасынан елін
аман алып қалғысы келгені үшін абақтыға
қамалып, «халық жауы» атанғаны белгілі. Солармен бірге «Алаш » партиясының
құрамына кірді. Міржақып Дулатов бірден қазақ халқының арман-мүддесін терең
түсіне білетін, қазақ қоғамында жаңадан өріс алып келе жатқан демократияшыл,
бостандықсүйгіш идеялардың жаршысы екенін айқын аңғартады.Отаршылдарға қарсы
өткір жазылған «Біздің мақсатымыз» атты мақаласы кешірім жасауға болмайтын саяси
үгіт саналып, мақала жариялаған газет кәмпескеленді.
Міржақып
Дулатов халықты зорлық-зомбылықтан,
қанау-езушіліктен,бодандықтан құтқарушы күшті құрал- оқу-білім, ғылым,
өнер деп білді. Сол үшін күресуге шақырды.
Будь-те первым, поделитесь мнением с остальными.