Главное меню

  • К списку уроков
Халқы және елдері. Америка Құрама Штаттары
17.11.2015 755 0

Сабақтың мақсаттары:

               1. Білімділік:             Оқушыларды Американың халқы мен қалаларымен таныстыру, елдің экономикалық жағдайымен алатын орнына, ірі мемлекеттеріне тоқталу.

            2.Дамытушылық:      Оқушылардың баяндай білу, есте сақтау, ойлау қабілеттерін, картамен жұмысты дамыту.

                3. Тәрбиелік:               Оқушыларды басқа мемлекеттермен таныса отырып, олардың туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін ояту арқылы бірін-бірі сыйлауға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Жаңа сабақ

Оқыту әдісі: Сұрақ-жауап, баяндау

Сабақтың әдістемелік жабдықталынуы:  Солтүстік Американың халықтар картасы, атлас карта, оқулық, суреттер, қосымша материалдар.

Сабақтың барысы:   Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен  амандасу, оларды түгендеу. Оқушылар назарын өзіме аударту

Жаңа сабақты түсіндіру:      

Халқы және елдері. Қазіргі кезде Солтүстік Америка халқының саны 450 млн-ға жуық. Материктің байырғы халқын монғол нәсіліне жататын үндістер мен эскимостар құрайды. Бұл халықтар Азиядан Солтүстік Америкаға шамамен осыдан 25-40 мыңдай жыл бұрын материкті Еуразиямен жалғастырып тұрған Берингия құрлығы арқылы қоныс аударған.

ХVІ ғасырдың басында Американы жаулап алу басталды. Нәтижесінде бағынып, құл болудан бас тартқан үндістер құнарлы жерлерден қудаланды. Олар еуропалықтар әкелген жұқпалы аурулардан жаппай қырыла бастады. Нәтижесінде Кариб теңізіндегі аралдардың байырғы халқы (карибтар) ХVІІ ғасырда түгелге жуық жойылып кетті. Қазіргі кезде материкте 15 миллиондай ғана үндістер қалды. Еуропа басқыншылары үндістерден босаған жерлерді плантацияларда жұмыс істету үшін Африкадан құлдар әкеле бастады. Қазіргі кезде Солтүстік Америкада 20 млн-ға жуық негрлер тұрады.

Солтүстік Американың негізгі халқын Еуропадан, әсіресе Ұлыбритания мен Франциядан қоныс аударғандар құрайды. Олар негізінен материктегі ірі мемлекеттер – Америка Құрама Штаттары мен Канадада тұрады. Халықтың басым көпшілігі ағылшын тілінде сөйлейтіндіктен, материктің бұл елдер орналасқан бөлігін Ағылшындық Америка деп атайды. Америка Құрама Штаттарының халқы нәсілдік және ұлттық айырмашылықтарына қарамастан америкалықтар деген жалпы атпен аталады.

Халқы латын тілдерінде сөйлейтін Мексика жері мен Кариб теңізі аралдары Оңтүстік Америкамен бірге Латын Америкасын құрайды. Мұнда испандар және португалдардың басқа халықтармен некелесуі нәтижесінде Американың жаңа халқы: мулаттар, самбо, метистер қалыптасты. Табиғат жағдайлары мен игерілу тарихына байланысты халық әркелкі қоныстанған.

Солтүстік Америкада д.ж-гі ең дамыған ел - Америка Құрама Штаттары орналасқан. АҚШ-тың материктегі бөліктерінің аралығында Канада, ал оңтүстігінде Мексика орналасқан. Орталық Америка мен Кариб теңізі аралдарын кішігірім елдер алып жатыр.

Америка Құрама Штаттары. АҚШ-ры жерінің ауданы (9 млн 363 мың км) жөнінен Ресей, Канада, Қытайдан кейінгі 4-ші орын алады. Бұл елдің жері материктік екі бөліктен және Тынық мұхиттағы Гавай аралдарынан тұрады. Әкімшілік құрылымы 50 штаттан, Вашингтон қаласы мен Колумбия округінен тұратындықтан ел Америка Құрама Штаттары (АҚШ) деп аталады. Астанасы Вашингтон қаласы.

АҚШ жерінің табиғаты алуан түрлі. Оның көпшілігі қоңыржай және субтропиктік белдеулерге сәйкес келеді. Батыстағы Кордильера мен шығыстағы Аппалач тауларының аралығында Ұлы және Орталық жазықтар орналасқан. Мексика шығанағы жағалауы мен Флорида түбегін ойпатты жағалық жазықтар алып жатыр. АҚШ жері арқылы Солтүстік Америкадағы ең ірі өзен Миссисипи ағып өтеді, ал Канадамен шекаралас аймақта Ұлы көлдер шоғырланған.

Елде мұнай мен табиғи газдың, тас көмір, металдар тәрізді пайдалы қазбалардың қоры мол және оларды өндіруде ұдайы ғылым мен техника жаңалықтары қолданылып отырады.  АҚШ-тың шаруашылығы сан салалы, ең жетекші сала – машина жасау өнеркәсібі. АҚШ-тың 125 қаласында автомобиль шығарылады. Детройт  қаласын «автомобильдер астанасы» деп атайды. Батыстағы Лос-Анджелес қаласы ғарыштық техника мен электроника орталығы болса, Сиэтл қаласында алып «Боинг» ұшағы жасалынады. Елде жылу-энергетика, химия өнеркәсібі, қара металлургия, жеңіл өнеркәсіп жақсы өркендеген.

АҚШ жерінің көпшілік бөлігінің жазық және аласа таулы болуы, қолайлы климат, ғылым жетістіктерінің кеңінен пайдаланылуы ауыл шаруашылығын жоғары деңгейде дамытуға мүмкіндік береді. Ел астық, сүт, ет, құс өнімдерін өндіруден д.ж-де 1-ші орынды алады.

АҚШ халқының саны (290 млн-ға жуық) жөнінен д.ж-де 3-ші орын алады. АҚШ-тағы байырғы халықтың үлесі 1% шамасында ғана, халықтың негізгі бөлігін сырттан келгендер құрайды. Тек қана ХІХ ғасырдың басынан бері Жер шарының 70-ке тарта елінен 55 млн-ға жуық адам осында қоныс аударған. АҚШ халқының ¾ -і қалада тұрады, елде жалпы саны 9 мыңдай қала бар. Ең ірі қаласы Нью-Йорк аспанмен таласқан биік үйлерімен ерекшеленеді, қалада БҰҰ-ның ғимараты, ірі банктер, дүкендер бар.

Тұңғыш ұлттық парк 1872 жылы Йеллоустон аңғарында құрылды. Ол ыстық гейзерлермен, тасқа айналған ағаштарымен әйгілі. Осындағы Алып гезерінен атқылыған судың биіктігі 91 метрге жетеді. Бүгінгі таңда АҚШ жерінде 50-ден аса ұлттық парк бар.

Жаңа сабақты бекіту:

1. Солтүстік Американы қандай халықтар мекендейді?

2. Материктегі халық құрамына еуропалық отарлау қалай әсер етті?

3. АҚШ экономикасының жедел қарқынмен дамуына не себепші болды?

Қорытынды: Қорыта келгенде, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының жедел дамуы, халық санының артуы табиғи ортаға үлкен нұқсан келтіруде. Сондықтан АҚШ табиғатты қорғау, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтап қалу мақсатында дүние жүзінде алғаш рет ұлттық парктерді ұйымдастыруды қолға алды. Тұңғыш ұлттық парк 1872 жылы Йеллоустон аңғарында құрылған. Ол ыстық гейзерлермен, тасқа айналған ағаштарымен әйгілі. Осындағы Алып гейзерлерінен атқылаған судың биіктігі 91 метрге жетеді. Бүгінгі таңда АҚШ жерінде 50-ден аса ұлттық парк бар.

 

Үйге тапсырма: §34 оқуға. Кескін картаға халқы және елдерін, АҚШ-ты түсіріп келу.