Главное меню

  • К списку уроков
Инновациялық әдістерді арнайы пәнді оқытуда қолдану
17.05.2016 391 116 Султанова Мадина Канатбековна

Қазіргі уақытта кәсіптік білім берудің алдында бірнеше маңызды міндеттер тұр. Олардың бастысы ретінде тек білімді маман даярлау ғана емес, ақпараттық қоғам жағдайында кәсіби тұрғыда шапшаң бейімделе алатын құзыретті түлекті қалыптастыруды атауға болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда дәстүрлі сабақты танымдық белсенді әрекет пен жекелеген оқу әрекеттері алмастырып отыр. Оқытудың белсенді формаларын қолдану білім алушылардың жеке бастамашылдығын, дербестігін, сыни ойлауын, креативтілігін дамытатын болады. Оқу барысында осындай оқытудың белсенді формаларын сабақта жиі қолдану өте маңызды.
Инновациялық технологияларына тоқталсақ:
Ойын технологиялары оқушыларды ұжымдық өзара әрекетке түсіре отырып, пәнаралық байланысты анықтауға, білімдерін біріктіруге, пәнге деген қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік береді. Оқытудың мұндай формалары білім алушылардың білімдерін бекітуге, жинақтауға мүмкіндік береді. Сабақтағы ойын формалары ойын тәсілдері мен жағдаяттар (ситуациялар) арқылы жүзеге асады. Мәселен, «Лото», «Мозайканы жинақта», «Футбол», «Аукцион», т.б. ойындарды пайдалануға болады. Қазіргі уақыт кез келген тұлғадан тауардан бастап, өмірлік жолы мен достарына дейін таңдауды жүзеге асыра білуді талап етеді. Сондықтан да «Қажетті құрылыс материалын таңдай біл», «Қажетті құралды таңдай біл», «Қатесін тап», т.б. сияқты ойындар оқушылардың вариативті ойлауын, мәселені шешудің бірнеше нұсқасын қарастыра білу, қажетті нұсқаларды іздеп тауып сұрыптай білу, дұрысын таңдай білу білім алушылардың сыни, креативті, тиімді, саналы ойлауын дамытады, өз мамандығын жете түсіну мүмкіндіктерін жүезеге асырады. Вариативті принцип жүзеге асырылатын оқытудың мұндай түрі оқушылардың қателік жасаудан қорқуын, сәтсіздіктерді бақытсыздық ретінде қабылдауының алдын алады. Нәтижесінде білім алушы өзінің жасаған қателігін дұрыс шешім табудың бір ғана нұсқасы ретінде қабылдайтын болады. Бұл дағдылар білім алушыда тек пәндік дағдыларды ғана емес, өмірлік дағдыларды да қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ойынды ұйымдастыруға қойылатын талаптар:
- ойын оқушылардың шығармашылық еркіндігіне негізделіп құрылуы тиіс;
- ойын оқушыларда оң эмоция туғызатындай болуы;
- ойын мақсатының қолжетімді болуы, оның ресімделуі әр түрлі көз тартатындай, ойын атрибуттарының міндетті түрде болуы: ресімделуі, жиһаздардың орналасуы, сабақтың эмоционалдық фонын арттырып, оқушылар үшін жаңа әсер беретін болады;
- ойында командалық және жеке қатысушылар арасындағы жарыс элементтерінің болуы;
- ойын оқушылардың жеке және жеке ерекшеліктерін ескеретін болуы;
- ойын нәтижесінің соңғы қорытындысын шығару.
Ойынның негізгі мақсаты – шығармашылық біліктері мен дағдыларын дамыту, шығармашылық әлеуеті мен кәсіби-бағдарланған ойлауын қалыптастыру. Конфуций «Мұғалім мен оқушы бірге өседі» дегендей, сабақта ойын формасын пайдалану оқушы мен оқытушының бірге өсуін қамтамасыз етеді.
Іскерлік ойындар – бұл әдіс оқушылардың алған білімдерін шынайы жағдайларға ұқсас жағдайларда қолдануға мүмкіндік береді, болашақ маманның белсенді шығармашылық, кәсіби және әлеуметтік құзыреттіліктерін дамытуға ықпал етеді. Рөлдік ойындар оқушылардың өз білімдері мен дағдыларын қауіпсіз ортада пайдаланып көруіне мүмкіндік береді. Рөлдік ойындар шынайы өмірде кездесетін проблемалар мен жағдаяттарды зерттеуге ықпал етеді. Сабақта қандай да бір өндіріс орнының қызметі көрсетіліп, сол жағдайларға байланысты нақты әрекеттер, оқиғалар талқыланады. Бұл білім алушылардың нақты өндіріс орнында өздерінің жағдяттан қалай шығатындығын көрсетіп береді. Бұл оқушыны тұлға ретінде тәрбиелейді.
Конференция-сабақ. Сабаққа оқушылар алдын ала дайындалып келеді. Қосымша әдебиеттерді, интернет көздерін пайдалана отырып, ақпарат дайындайды. Мұндай сабақтарда жалпы құзыреттіліктер қалыптасады: кәсіби міндеттерді тиімді шешу үшін қажетті ақпарат іздеу, кәсіби қызметте ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалану. Жұмысқа орналасу мен кәсіби даму мәселелерін шешу үшін тек қана кәсіби білім жеткіліксіз, өндірістік қарым-қатынасты мақсатты түрде құрастыра білу, стандартты емес шешімдер қабылдау, тіпті азғантай мәселелерді жан-жақты қарастыра білу. Бұған топта ұйымдастырылып өткізілетін шеберлік сыныптары, кәсіби шеберлік байқаулары, жарыс сабақтары, т.б. өз үлестерін қосады. Мұндай сабақ түрлері теориямен практиканы байланыстыруға мүмкіндік береді, тақырыпты оқуға деген қызығушылықты қалыптастырады, өз мамандығына деген шығармашылықты дамытады. Жарыс сабақтар білім алушылар арасында ұжымдасу, топ алдындағы жауапкершілік, пәндік тәрбиенің негізін қалайды. Жарыс сабақтары оқушыларды белсенді әрекет жасатады, жарыс сабағына даярлық ретінде үй тапсырмаларын пайдалануға болады.
Бірлесіп оқу немесе өзара оқыту технологиясында сабақ тақырыбы бойынша жеделдетілген тапсырмалар беріледі, оқушылар оқытушы, шебер кейіпіне еніп, сабақта өз тақырыбын талқылайтын болады. Мұндай жұмыс оқушылардың үнемі қызығушылығын тудырады. Сабақтың бұл түріне дайындық жеке және бірлескен шығармашылық жұмыстардан құралады.
АКТ пайдалану әлемді танудың, сабақта мақсатқа жетудің, ақпарат көзімен жұмыс істеудің, оқушы мен оқытушының еңбек әрекетін өздігінен ұйымдастыруы, біліктілік арттыруы, оқушының жеке белсенділік аумағын кеңейту тәсілдерінің бірі ретінде қарастырылады. Оқу үдерісінде жаңа технологияларды пайдалану жаңа педагогикалық әдістер мен тәсілдерді дамытуға мүмкіндік береді, мәселені шешудегі оқытушының жұмыс стилін өзгертеді, оқыту мотивациясын арттырады, пәнаралық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта оқытушы бір ғана білім алудың көзі бола алмайды, бұл оқытушыға да өзінің көзқарасын, әдістемесін өзгертуге итермелейді. Дәстүрлі түсіндірмелі-көрнекілік оқыту әдісінің орнын жеке, өздік, топтық жұмыс формалары алмастырды. Сондықтан да оқушыларды түрлі оқыту формалары мен әдістерге үйрету маңызды, соның ішінде іздену-зерттеу жұмыстары аса маңызды рөл атқарады. Әдеттегі ақпарат көздері жетімсіз болған жағдайда компьютердің көмегіне жүгіну керек. Сонымен қатар медиа сабақтарды пайдалану да тиімді, көрнекі әрі мазмұнды болып өтеді. Сабақтарда слайдтарды пайдалану дидактикалық материалдарды жиі ауыстыруға, оқу үдерісін белсендіруге, материалды жақсы қабылдауға әрі оқушылардың мотивациясын тудыруға өз әсерін тигізеді. Қажетті материалдардың жылдам әрі мазмұнды, сызбалар арқылы берілуі олардың қабылдауын жақсартады, зейіндерін шоғырландырады, ойларын жинақтауға, материалды тұтастықта қабылдауға мүмкіндік береді. Ақпараттық технологиялар оқытушының оқушымен жеке жұмысын, шығармашылықпен дамытуына мүмкіндік береді.
Проблемалық оқыту оқытуды саналы, белсенді, шығармашылық үдеріске айналдырады. Мәселен, жаңа тақырыпты меңгерткеннен кейін қателердің алдын алу үшін тапсырманы орындау барысында туындауы мүмкін қателіктерді анықтап, олардың пайда болу себептерін айқындап алуға болады. Бұл жұмыстарды «Өзіңді тексер», өзіндік бақылау, т.б. арқылы жүзеге асыруға болады. Сонымен қатар арнайы пәндерді оқытуда, өндірістік оқытуда жазбаша нұсқаулық құжаттары – нұсқау картасы, технологиялық сызбаны пайдалану тиімді. Жазбаша нұсқаулық оқушының дербес әрекет етуін, өзін-өзі бақылауын, жұмыс сапасын арттырады.
Жеке тұлғаға бағдарланған технология. Арнайы пәнді оқытудағы тиімді тәсілдердің бірі ретінде «өзің істе»-«өзгеге көмектес» ұстанымын айтуға болады. Әрбір оқушы жеке тұлға, өзінің ақыл-ойы, қабылдауы, есте сақтауы, т.б. бар. Сондықтан да оқушының әлеуетін ескере отырып, жеке жұмыс істеу қажеттілігі туындайды.
Интерактивті оқыту (топтық оқыту) – мұнда шағын топтарда жұмыс істейді, орындаған тапсырмаларын өзара тексереді, тексеріп, баға қойғаннан кейін оған пікір айтады, соңында топтық қорғауға шығады. Шағын топтарда жұмыс істеуде коммуникативтік дағдыларды қалыптастырады. Басты мақсат - түсіндіру, жеткізу емес, бірлесе отырып мәселенің шешімін іздеу. Мұндай сабақ құрылымы бойынша нақты болуы керек, мазмұнды әрі тұжырымды болуы керек.

Скачать материал

Полный текст материала смотрите в скачиваемом файле.
На странице приведен только фрагмент материала.