Главное меню

  • К списку уроков
Диктанттар жинағы
28.07.2015 4393 0 Махметова Жанар Қайртайқызы

Алғы сөз
Тіл –қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады.
Мемлекттік тілді үйренім деушілерге қазақ тілінде сөйлеумен қатар сауатты жазу да қажет. Сол себепті Тілдерді оқыту орталығының оқытушылары оларға сауатты жазуды да үйретеді. Осы жинақта ұсынылып отырған мәтіндер сөздері жеңіл, қарапайым деңгейде оқып жатқан тыңдаушыларға арналған. Әр диктантқа екі тапсырмадан берілген.

Карапайым қазақ тобына арналған диктанттар
Денсаулық – баға жетпес байлық
Денсаулық – адам өміріндегі баға жетпейтін ең бағалы дүние. Өмірдің шаттығы мен қызығы денсаулыққа байланысты. «Денсаулық – зор байлық», - дейді қазақ. Денсаулықты сақтап, оны үнемі нығайтып отыру керек, - дейді ғалымдар мен биологтар. Денсаулықты сақтаудың жолын үйрену әрбір адамның басты міндеті. Әркім өзінің денсаулығының нашарлауына өзі кінәлі. Ауруды ағзаларға жолатпау – адамдардың өз қолында. Денсаулықтың нашарлауына көңіл- күйдің де әсері зор.
Денсаулықты қалай сақтау керек? Аурудың алдын алу шараларына не жатады? Осы сұрақтарға жауап беру – валеологияның міндеті. Валеология – денсаулық және салауатты өмір сүру салты туралы ғылым.
(77 сөз)
Тапсырмалар:
1. «Денсаулық» сөзін септеңіз.
2. Көптік жалғауы жалғанып тұрған сөздерді теріп жазыңыз.
Мақал- сөздің мәйегі

Мақал-мәтелдер - айналадағы мол дүние туралы білімнің жиынтығы. Олар тәрбиелік рөл атқарады. Мұндағы ақыл-кеңестер қысқа әрі тұжырымды болады. Сөздер бейнелі, орынды қолданылады. Мақал-мәтелдерден халықтың тіл байлығы көрінеді. Олардың бай сөздік қорымыздың ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмай берілуіне көмегі мол. Адамның жан дүниесінің тілдегі көрінісі мақал-мәтелдерде жақсы бейнеленген.
Мақал-мәтелдерде оқу мен еңбек, ойын мен өнер, адамның жақсы – жаман қасиеттері, елін сүю, ата-ананы құрметтеу, тағы басқа үлгі-өнегелер сөз болады. Өмірдің әр саласына байланысты болғандықтан, оларды әртүрлі тақырыпқа бөлуге болады. Адам мақал-мәтелдерді түсініп, өз сөзінде орнымен қолданып жүрсе, ол адамның сөзіне көрік береді.
(87 сөз)
Тапсырмалар:
1. Қос сөздерді теріп жазыңыз.
2. «Мақал» сөзін септеңіз

Көкшетау баурайындағы демалыс
Дәулеттің отбасы жазда Бурабайдағы демалыс үйлерінің бірінде демалды. Олар тоқтаған демалыс үйі «Алтын орман» деп аталады. Жаздыгүні орман іші керемет әрі тыныш. Олардың отбасы орман аралап, көлде шомылғанды ұнатады.
Таңертең күн салқын болды. Олар орман аралады. Саңырауқұлақ теру үшін себеттерін ала шықты. Орман ішінде саңырауқұлақтар мен гүлдер өте қалың өсіпті. Көп ұзамай олардың себеті саңырауқұлаққа толды. Орманда қарағайлар мен шыршалар көп өседі. Әртүрлі құстардың үні де естіледі. Түстен кейін күн өте ыстық болды. Олар көлге шомылуға барды. Көлдің суы жылы әрі таза. Жағажайда демалушы халық көп. Бурабайдың ауасы да, суы да тамаша! (92 сөз)
Тапсырмалар:
1. «Демалыс» сөзін тәуелдеңіз.
2. Ілік септігінде тұрған сөздердің астын сызыңыз
Есілдің оң жағасы, сол жағасы
Астана қаласынан ағып өтетін Есіл өзенінің сол жағалауында және мөлтек аудандарда балабақшалар, кәсіптік мектептер мен колледждер салу жоспарланып отыр. 700 орындық орталық залы бар Мемлекеттік филармонияның, қазіргі заман манежі бар мемлекеттік цирктің, хайуанаттар бағының, Есіл өзені жағасындағы аквапарктің, көрме орталығының құрылысы басталды.
Бұл күндері Астанада Ұлттық опера және балет театрының балет труппасы, «Астана» эстрада-симфониялық оркестрі мен хор, драма театрлары және Президенттің мәдениет орталығында, «Жастар» сарайында, Конгресс-холлда мұражайлар жұмыс істеуде. (74 сөз)
Тапсырмалар:
1. «Құрылысшы» сөзін жіктеңіз.
2. Барыс септігінде тұрған сөздерді теріп жазыңыз.

Су және өмір

Адам сусыз тұра алмайды. Адам денесінің алпыс пайызы судан тұрады. Егер судың мөлшері он-жиырма пайыз кетіп қалса, адам өліп қалады. Су адам ағзасында тазартқыштық қызмет атқарады. Су адам денесіне керексіз заттарды жуып, шайып отырады.
Бір килограмм өсімдік, дән, жемісті өсіру үшін орта есеппен екі тонна су қажет болады. Адам күнделікті тіршілігінде орта есеппен жылына үш жүз алпыс тонна суды қажетіне жаратады. (62сөз)
Тапсырмалар:
1. Бірінші сөйлемді аударыңыз.
2. Сан есімдерді теріп жазыңыз.
Бата

Қазақ халқының ұлттық дәстүрлерінің ішінде бата беру ерекше орын алды. Халықтың тілек-бата сөздері жас ұрпақты әдепті, сабырлы, зерделі, арлы болып өсуге баулиды. Дәулетті, бақытты, кешірінді болуын тілейді. Тілек-бата сөздер-халықтың өзімен бірге жасасып келе жатқан ежелгі мұрасы. Бұлар –оның рухани өмірінде тұтастығын, бірлігін, салт-дәстүрін, адамгершілік өсиеттерін сақтауға ерекше қызмет атқарады.
Болашақтың иесі-ұрпағына амандық, парасаттық, өнер-білім, құт-береке, ұзақ өмір,үлкен табыс тілеу-ежелден азаматтың асылмұраты болса керек.

(72сөз)

Тапсырмалар:
1.«Тілек-бата» деген сөзді септе.
2.Мәтіннен 4 сын есімді теріп жаз.
Шетелдік студенттер

Алматы қаласында шетелдік студенттер көп оқиды. Олар қаладағы жоғары оқу орындарында түрлі мамандықтар бойынша оқып, білім алады. Шетелдік студенттер бірінші жылы қазақ, орыс тілдерін үйренеді. Олар жатақханаларда қазақстандық студенттермен бірге тұрады.
Менің шетелдік достарым, таныстарым көп. Біз демалыс күндерінде Медеу стадионына, Шымбұлаққа барып, спортпен шұғылданамыз. Менің достарыма Қазақстан өте ұнайды. Олар өз елдерін, туған жерлерін көп мақтайды. Бірақ Қазақстанға ешқандай жер жетпейтінін мен білемін.
(62сөз)
Тапсырмалар:
1. Көптік жалғауы жалғанған сөздерді теріп жазыңыз.
2. Бірінші сөйлемді аударыңыз.
Электронды пошта

Электронды пошта – әлемнің кез келген жеріне хабар жіберудің ең сенімді жолы. Хабар дегеніміз тек жай мәтін ғана емес, сурет немесе жазылған файл болуы мүмкін. Хатты немесе хабарды алу үшін алдымен өзің сондай поштаға қосылуың қажет. Ал хабар жіберу үшін оны алушының электронды мекенжайын білуің керек. Менің электронды мекенжайым бар. Көптеген достарыммен осы электронды пошта арқылы хабарласа аламын. Бұл қазіргі кезде өте қажет деп ойлаймын.
(62 сөз)
Тапсырмалар:
1. Мәтіннен көмектес септігінде тұрған сөздерді теріп жазыңыз.
2. Берілген сөздермен сөйлем құраңыз: хат-хабар, сурет, пошта.


Сәлемдесу мәдениеті

Сәлемдескенде адамдар бір-бірінің амандығын біледі. Бір-біріне тілегін білдіреді. Сәлемдесу адамгершіліктің, әдептіліктің бір белгісі болып табылады. Әрбір адам «қайырлы таң», «қайырлы күн», «қайырлы кеш» деген сөздермен амандасуда мәдениеттілік белгілерін көрсетеді. Осылай олар тәуліктің үш мезгілінде де бір-бірімен ақжарқын амандаса алады.
Қазақ салтында оң алақанын жүрегінің үстіне қойып, басын изейді. Не болмаса қол беріп амандасады. Бұл «Сізді шын жүректен құрметтеп, амандығыңызды тілеймін» деген мағынаны білдіреді.
(58 сөз)

Тапсырмалар:
1. Амандасудың қандай түрлерін білесіз?
2. Мына сөздерді аударыңыз: тілек, адамгершілік, әдептілік,құрметтеу.


Қарапайым орыс тобына арналған диктанттар
Қыс
Жыл төрт мезгілге бөлінеді. Олар: қыс, көктем, жаз және күз. Қыс айлары: желтоқсан, қаңтар, ақпан.
Қыс желтоқсан айынан басталады, ол жылдың соңғы айы. Жылдың ең қысқа күні мен ұзақ түні осы айда болады. Бұл мезгілде жиі-жиі қар жауады, боран соғады. Жер ақ тонға оранып, қар астында қалады. Шыршалар ақ мамыққа оранады. Адамдар қысты күні жылы киінеді. Өзен, көлдердің бетінде тұрған мұз қалыңдайды. Көгілдір мұз айдындарында үлкендер де, балалар да коньки теуіп, шаңғымен сырғанайды.
Әр жыл мезгілінің өз мейрамы бар. Қыста жаңа жылды қарсы аламыз. Табиғат үшін жаңа жыл қаңтардан емес, бәйшешекпен желбірей өсетін көктем айынан басталады. (88 сөз)
Сұрақтарға жауап беріңіз
1. Қыс мезгілінде табиғатта болатын өзгерістер?
2. Қыста қандай мерекелер бар?

Кітап
Ол екеуміз ойламаған жерден таныстық. Оның аты Қуаныш екен. Бәріне себепкер болған – кітап. Менің де атым – Қуаныш. Ол – мен сияқты студент. Қуаныш қазаққа ұқсамайды. Бірақ қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Менің түрім де басқа ұлтқа ұқсайды. Бір қызығы, екеумізге қажет кітап біреу ғана болып шықты. Кітап екі тілде басылған. Маған орысшасы, Қуанышқа қазақшасы керек. Екеуміз қатар отырып, бірге дайындалдық. Осылай кітап достығымызға себеп болды. Біз оған қуандық. Жақсылап танысып алдық.
Жақын дос табу қандай жақсы!
(70 сөз)

Тапсырмалар:
1. Мына сөздерді аударыңыз:
Жақсы сөйлейді-
Ұлт –
Екі тілде –
Дайындалдық –
Қуандық –
Дос –
Танысу –
2. Кітап сөзін септеңіз

Жексенбі

Қала тұрғындары әр жексенбіні асыға күтеді. Бұл күн – демалыс. Апта бойы қызметшілер компьютер алдында отырады. Қарапайым жұмысшы қиын жұмыстан шаршайды.
Ата-аналардың балаларымен еркін араласатын күні де – жексенбі. Сансыз сұрақ қойып, олардың несі бар, несі жоқ екенін біледі. Сабағы қалай, ол бірінші кезекте сұралады. Ұлы кіммен дос, қызы кіммен құрбы – бәрі де жауабын күтетін сұрақтар.
Отбасы болып таза ауада демалу – жақсы нәрсе. Жаз айында суға шомылып, күнге күю де керек.
Ендеше, жексенбі күні – әрбір адам үшін асыға күтетін күн. (74 сөз)

Тапсырмалар:
1. Апта күндерін жазыңыз.
2. «Отбасы» сөзін тәуелдеңіз


Астана жазы

Жаз келді. Жаз айында жапырақтар жайқалып, көлеңке түседі. Жылы жел соғып, кей күндері ыстық болады.
Адамдар жеңіл киіне бастайды. Қала тұрғындары Астана күнін асыға күтеді. Бұл – үлкен мереке. Аспан көк түсті, бұлттар жай жылжиды. Астана аспанына әркім ғашық. Әсіресе- жастар. Олар аспанға қарап армандайды.
Осы жыл мезгілі әрбір адам үшін қымбат. Мен үшін де қымбат. Менің туған күнім осы жаз айында. Бұл күні құшағың гүлге, көңілің тілекке толады.
(65 сөз)

Тапсырмалар:
1. Жыл мезгілдерін жазыңыз.
2. «Мереке» сөзін септеңіз.

Қазақ дастарханы
Қазақ халқы - қонақжай халық. Оның дастарханы қашан да бай болып келеді. Қазақ шайға айрықша мән береді. Шай үстінде олар бәрін де жейді: бауырсақ, құрт, ірімшік, шелпек, өрік, мейіз. Кейбір ыстық тамақтар да шаймен желінеді. Мысалы, қуырдақ. Бұл тағамды өкпе-бауырдан, не таза еттен, не ет пен картоптан дайындайды.
Қазақша ет –қазақтың ерекше ұлттық тамағы. Оны қойдың, сиырдың, жылқының еттерінен әзірлейді.
Сусын ретінде шайдан басқа қымыз, шұбат, сүт, айранды пайдаланады. Қазіргі тағамдар мен сусын түрлері де қазақ дастарханында мол кездеседі.
(73 сөз)
Тапсырмалар:
1. Тағам атауларын теріп жаз.
2. Қазақ дастарханынан сізге қандай тағамдар ұнайды.

Спорт – денсаулық кепілі

Спортпен айналысқан адамның дені сау, жаны таза болады. «Денсаулық – зор байлық», - дейді халқымыз. Мен спортты өте жақсы көремін. Аптасына үш күн бассейнге барып, суда жүземін. Футбол, волейбол сияқты доп ойындарын бала күннен ойнап өстім. Қазір де қызметтес достарыммен бірге апта сайын спортзалға барып, спортпен айналысамын.
Қыс айларында коньки тебуді жақсы көремін. Таза ауа адамның шаршағанын жеңілдетеді. Спортпен айналысатын адамның көңіл күйі үнемі жақсы болады. (62 сөз)

Тапсырмалар:
1. Өзге тілден енген сөздерді теріп жазыңыз.
2. «Таза ауа» сөзін септеңіз

Отан отбасынан басталады
Әр азаматтың өз Отаны мен отбасы болады. Әр азаматтың бойында отансүйгіштік қасиет болады. Менің үлкен ұлым жауынгерлік борышын абыроймен өтеп келді. Әр сарбаздың азаматтық борышы - Отанын қорғау. Қазақстан республикасының Қарулы Күштерінің құрамына: әскери әуе күштері, әскери-теңіз күштері, құрлықтағы әскерлер, әуе қорғанысы әскерлері және Республикалық Ұлан енеді. Еліміздің Қарулы Күштерінің мақсаты: Отанның және Қазақстан азаматының қауіпсіздігін қорғау.
(57 сөз)
Тапсырмалар:
1. Берілген сөздерді аударыңыз: азамат, сарбаз, борыш, Қарулы Күш, абырой.
2. Ілік септігінде тұрған сөздердің астын сызыңыз.

Нан

Әлемдегі ең асыл – нан. Нан күннен нәр алады. Адамға күннің нұрын береді. Адамның өмірін күндей жарқыратады.
Нан – жердің нәрі. Нан – тіршілік қорегі. Адамның су мен ауа сияқты үнемі пайдаланатыны – нан.
Нан – табиғаттың ең ардақты тартуы. Нан – басқа нәрсемен алмастыруға болмайтын тамақ. Өзге тағамның бәрі тек нанмен дәмді, нанмен ғана қуатты. Ол барлық дәмнен тәтті. Ол бәрінен де қажетті.
(58 сөз)
Тапсырмалар:
1. Ұннан жасалған тағамдардың атауын жаз.
2. «Нан» сөзін тәуелдеңіз

Қазақ тілі сабағында

Біз биыл сегізінші сыныпта оқимыз. Оқу жылы мамыр айында бітеді. Біздің мектептің оқушылары орыс тілінен басқа үш тілде оқиды. Қазақ тілі сабақтары өте қызықты өтеді. Мұғалім әрқайсымызға талап қоя біледі. Тақырыпқа орай көптеген жұмыс түрін орындаймыз: бір-бірімізге сұрақ қойып жауап береміз, қазақ мәтінін оқып, орыс тіліне аударамыз, сөйлемдерге грамматиқалық, фонетиқалық талдаулар жасаймыз, диктант, шағын шығарма жазамыз. Біз қазақ тілінде еркін сөйлеуге тырысамыз, өйткені қазақ халқының тілін, әдебиетін, тарихын, мәдениетін білгіміз келеді. (71сөз)
Тапсырмалар:
1. Сан есімдерді табыңыз.
2. Берілген сөз тіркестерін аударыңыз: өте қызықты, еркін сөйлеу,сұрақ қою, жауап беру.


Сенбілік.

Бір күні мұғалім апай сенбілік болатынын айтты. Барша жұрттың жұмысқа шығатынын және тегін еңбек ететінін түсіндірді. Мен сенбілік қашан болады деп күттім. Күткен күнге де жеттім. Жұмыс киімін киген бойда мектепке тартып келемін. Біз сапқа тұрдық. Әр сыныпқа арнаулы тапсырма берілді. Барлығымыз жұмысқа кірісіп кеттік. Мектеп ауласындағы ағаштардың діңін ағарттық. Арықтарды тазарттық. Қаншама қоқыстарды зембілмен алысқа апарып тастадық. Лезде аула тап-таза болып шыға келді.
Түсте үйге қайттық. (62сөз)
Тапсырмалар:
1. Таныс емес сөздерді теріп жазыңыз.
2. Мәтіннен зат есімдерді теріп жазыңыз