Главное меню

  • К списку уроков
Сыныптан тыс шара "Ынтымақ - достық кепілі"
19.05.2015 1066 0 Сейтова Айгерим Тулимшакова

Мақсаты:
а) Білімділік: Бүгінгі күні Қазақстан халқының бірлігі күні екенін оқушыларға жеткізу.Біздің елімізде тұрып жатқан басқа да ұлт өкілдерінің бірлігін,достығын оқушылардың бойына сіңіру.Ұлы қазақ даласында басқа ұлт өкілдерінің бір шаңырақтың астында татулықта,сыйластықта өмір сүріп жатқанын ұғындыру.
ә) Дамытушылық: Оқушыларды еліміздің бірлігін биік ұстауға,оны мәңгілікке сақтай білуге үйрету.Ұлттық мәдениетіміздің нәрімен сусындатып,адамгершілік қасиеттерді бойларына сіңіру.
б)Тәрбиелік: Оқушыларды Отансүйгіштікке,өзге ұлт өкілдерін құрметтеуге,мемлекетіміздің достығын,бейбітшілік қарым-қатынасы мен тегін,тарихын білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: плакат,нақыл сөздер,еліміздің рәміздері,әр ұлттың киімі,гүлдер.
Мұғалім:
Қазақ осы айтатұғын елге сыр,
О,ағайын,халық емес ол кесір.
Қазақ осы - аңғал-саңғал жабусыз,
Қазақ осы - ағыл-тегіл,көл-көсір.
Қазақ осы - дала дейтін,күн дейтін,
Қазақ осы өнер алды тіл дейтін.
Қазақ осы қарасың ба,ақсың ба,
Қоңырсың ба,жатырқауды білмейтін, - деп жырлаған Қадыр Мырзалиев ағамыз.Сол айтқандай,ұлы қазақ даласында басқа ұлт өкілдерінің бір шаңырақтың астында татулықта,сыйластықта өмір сүріп жатқаны сіздерге мәлім.Бүгінгі кездесуіміз - Қазақстанда тұрып жатқан басқа ұлт өкілдеріне деген сыйластығымыз,құрметтілігіміз,парасаттылық пен имандылығымыздың айғағы.
Ел президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады.Сіздер білесіздер,кең байтақ Қазақстанда 136 ұлт өкілдері тұрып жатыр.Қазіргі уақытта Ассамблея құрамында 394 мүше бар.
Біздің Отанымыз-Қазақстан.Бүгінгі Қазақстан дүние жүзіндегі мемлекеттер таныған ел.Оның өз Елбасы,Туы,Әнұраны бар.Еліміз өз егемендігін 1991 жылы 16-желтоқсанда алды.Қазақстан халқының бірлігі күні-достықтың,бірлік пен татулықтың,Қазақстан Республикасының халқы үшін жауапкершіліктің белгісі.
Хор : «Туған жер»
Жақсыбай: «Ы»
Жарасқан байрақтың мәні бар,
Көк аспан,күн қыран сәні бар.
Көк байрақ ашық күн кеңісім,
Алтын күн белгісі жеңістің.
Тоғжан: «Н»
Достық - шырағымыз,
Достық - ұранымыз.
Достық - туымыз,
Достық - әніміз.
Азамат: «Т»
Достық бізге тым ыстық,
Бірлік - байлық,ырыс - құт.
Жарқырасын күніміз,
Жаса - жаса тыныштық.
Ақлима: «Ы»
Біздің Отан кең байтақ,
Көп ұлттардың мекені.
Біздің құшақ кең жайса,
Әлем сиып кетеді.
Бисен: «М»
Бейбітшілік ұраны,
Жарқыраған алтын күн.
Ән қанаты қыраны,
Еркіндігі халқымның.
Камила: «А»
Ақпыз,қара,сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз.
Достық тату өмірге,
Дүние жүзі сенеді.
Соғыс өртін өшіре,
Бейбітшілік жеңеді.
Диас: «Қ»
Достықты үлгі санаған,
Бір үйде біз тұрамыз.
Қалған ата-бабадан,
Бірлік асыл мұрамыз.
Мұғалім: Қазақ халқының бауырмалдығы,жерінің кеңдіні соншалық мұнда өзге ұлт адамдары емін-еркін өмір сүріп жатыр.Сондай халықтардың бірі - өзбектер.Өзбекстан бізге шекаралас елдердің бірі болып келеді.Олардың да қазақтар секілді өз ұлттық киімдері,ұлттық тағамдары,салт - дәстүр,әдет - ғұрыптары сақталған.Атап айтатын болсақ,өзбектердің ұлттық тағамы - палау,сусындары - көк шәй.
Олай болса Өзбекстаннан келген бишілеріміздің биін тамашалайық!
«Өзбек» халқының биі
Мұғалім: Отан дегеніміз - адамның туып өскен жері,туған-туысқандары,жақындары тұратын атамекендері.Қазақ жерінде тұратын барлық адамдардың Отаны - Қазақстан Республикасы.Ал, Қазақстан қандай мемлекет?
Ерхан: «Б»
Тәуелсіздік кіндігін
Кескен халық бірлігі.
Ынтымағы барша ұлттың
Нұрын шашқан күн бүгін.
Нұрай: «І»
Қазақ жері достықтың гүлстаны,
Дархан өлкем кеңдіктің ырыс-бағы.
Күрестерде,еңбекте,мерекеде,
Мұнда сан ұлт қолдасып ту ұстады.
Әсем: «Р»
Заман жаңа,ел жаңа,
Күлімдейді кең дала.
Өз Астанаң,өз Ордаң,
Сүйенерім сен ғана.
Айзат: «Л»
Мамырдың бірі - достықтың күні,
Ән салып билеген халықтың үні.
Тұтасып тойлаған ұлттар,
Керемет мереке мамырдың бірі.
Бекұлан: «І»
Біз балдырған тең басқан,
Дос құшағын кеңге ашқан.
Тілегіміз әділдік,
Ашық болсын кең аспан!
Айдана: «К»
Қазақ осы - дала дейтін,күн дейтін,
Қазақ осы - өнер алды тіл дейтін.
Қазақ осы - қарасың ба,ақсың ба,
Қоңырсың ба жатырқауды білмейтін!
Ән: «Тәуелсіздік»
Орындайтын: Батырбекқызы Аружан
Бейбітшілік пен келісім - Елбасының саясаттағы негізгі ұстанымы.Қазақстан бірлігі арқасында біз көптеген қиындықтардан өтіп,тәуелсіздігімізді нығайттық,бірлігіміздің арқасында талай қиыншылықтарды жеңіп шықтық.
Көрініс: «Қырғыз бен грузин айтысы»
Қырғызға таңырқай қараған грузин қырғыздан:
- Сенің ұлтың кім?
- Қырғыз.
- Сен қырғыз болсаң өз еліңе неге бармайсың?
- Менің өз елім - Қазақстан.
- Жоқ,сен Қырғызстанда тұруың керек!
- Ол не дегенің?! Мен Қазақстанда тұрамын.Мен Қазақстанды өз Отаным деп білемін.
- Сен өз еліңе қалайда кетуің керек!
- Ал сен грузинсің ғой! Сен мұнда не істеп жүрсің? Сен де өз еліңе бар!
Екеуі осылай дауласып жатқанда қазақ жігіті келеді.
- Балалар осыншама неге дауласып жатырсыңдар?Менің білгім келеді.
- Екеуі қосарлана: Біз әрқайсысымызды өз еліңе баруың керек деп жатырмыз.Қайсымыздың кетерімізді білмейміз!
- О не дегендерің? Біздің Отанымыз Қазақстан көп ұлт мекендейтін мемлекет емес пе?!Мұнда қырғыз да,грузин де,орыс та,тағы басқалары тұра береді.Тұрғанда тату-тәтті тұрып жатыр,ал сендер дауласасыңдар келіп.Олай болса,бізде неге дос болмасқа?! Қане,салыңдар қолдарыңды!
- Жарайды,жарайды!
Бәрі бірге қосылып: Біз доспыз! Біз әрқашан біргеміз!
Әсел: «Д»
Достықтың шамшырағын жағып біз,
Байтақ ел боп жарқыраған жарықпыз.
Биіктетер парасаттың тұғырын,
Ынтымақпыз,бір мақсатты халықпыз.
Қанат: «О»
Ортақ бізге бір Отан,
Ортақ жердің байлығы.
Еңбек ортақ,жер ортақ,
Ортақ бізге барлығы.
Жазира: «С»
Көрікті өлкеме қарашы,
Тізілген арман тау қаласы.
Алтай мен Атырау арасы,
Қазақтың кең байтақ даласы.
Гүлжаһан: «Т»
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін.
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
Оспан: «Ы»
Уа,қош келдің,
Ынтымақ күн,бірлік күн.
Берекесі замананың,тірліктің.
Ұлттар менен ұлыстарды ұйытқан,
Ұлы елімнің келбетінен нұрды ұқтым.
Назерке: «Қ»
Қазақ елі қашанда жыр елі,
Тарихында тұлғалар көп киелі.
Бірнеше ұлт бірге өмір сүреді,
Бір-бірімен тату-тәтті тұрады,
Бәрінің де Қазақстан тұрағы.
Хор: «Ақбұлақ» әні
Мұғалім: 1991 жылы 16-желтоқсанда - Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуілсіздігі туралы ҚР Конституциялық Заңы қабылданды.Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. «Орнында бар оңалар» демекші,ел орнында,жер орнында.Жерге жетер байлық жоқ.Жер болса ел болады,ел болса ер болады.Ерлеріміздің арқасында Қазақстан егеменді ел болып,дүние жүзіне танылуда.Біздің Отанымыз - Егеменді тәуелсіз қазақ мемлекеті.
Тұрлан: «Ж»
Ақ,қара деп алдымен,
Елім бөлмес адамды.
Дәстүр,өнер,салтымен,
Таң қалдырған ғаламды.
Нұрасыл: «Е»
Қазақ,қырғыз бір сананың егізі,
Екі жұрттың бірге екен негізі.
Қазақ озса - ол қырғыздың мерейі,
Қырғыз озса - ол қазақтың жеңісі.
Еділбай: «Ң»
Атыңнан айналайын егемен ел,
Тәуелсіз күнің туды,кенеле бер.
Мерейің құтты болсын,Тәуелсіздік,
Ғасырдың тойы болшы келе берер.
Азамат: «І»
Достық бізге тым ыстық,
Бірлік - байлық,ырыс - құт.
Жарқырасын күніміз,
Жаса,жаса тыныштық!
Назерке: «С»
Тұлғаларың әрқашан биік тұрар,
Батыр деген бір сөзге сыйып тұрар.
Ізгіліктің,ерліктің,қайсарлықтың,
Өсиетін шүмектеп құйып тұрар.
Мұғалім:
-Балалар,алда қандай мерекелер келе жатыр?
-Ұлы Отан соғысына қатысқан батырларды ата?
-Ерлікке,қайсарлыққа байланысты қандай мақал-мәтелдер білесіңдер?
1.Батыл болмай,батыр болмайсың.
2.Өжет адам өлімді жеңеді.
3.Ерлік пен бірлік жеңіске жеткізеді.
4.Қорқақ қол бастамайды.
5.Еліңді сүйсең ерлік істейсің.
«Қаражорға» биі
Хор: «Қазақстан»
Мұғалім:
Тәуелсіздік,тәуелсіздік жыр-әнім,
Ел - іргесі берік болсын ұраным.
Тәуелсіздік - өзіңді еркін сезіну,
Салт - дәстүрім қолдан түспес құралым.
Тәуелсіздік! Не деп оны түсіндік?
Тәуелсіздік - ар-ожданың кісілік,
Адамға адам жолдас,бауыр,туыс бол,
Ел-жұртыңның алма құнын түсіріп!
Хормен:
Ақпыз,қара,сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз.
Ортақ болсын асар тау,
Жеміс толы бақша-бау.
Болсын жер мен су ортақ,
Болсын бізге ну ортақ.
Ақпыз,қара,сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз.