Главное меню

  • К списку уроков
Менің мамандығымның ерекшелігі
29.03.2017 63 0 Ерболова Мадина Ерболқызы

Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
«№9 негізгі орта мектебі»

Эссе
Тақырыбы: «Менің мамандығымның ерекшелігі»

Орындаған: Ерболова М.Е.
«№9 негізгі орта мектебінің»
педагог – психологы

Риддер қаласы
2016- 2017 оқу жылы
Менің мамандығымның ерекшелігі
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев еліміздің ертеңі, бүгіні жас ұрпақтың қолында, ол жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында,- деп айтқандай қазіргі таңда және болашақта ұстаздардың алатын орны ерекше екендігін тағы да бір нақтылап көрсеткендей.Сондықтан да егеменді еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан талпыныстар оқытудың әртүрлі әдіс — тәсілдеріне қолдана отырып, терең білімді, ізденімпаз, барлық іс-әрекетінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын тани алатын жеке тұлғаны қалыптастыру ісіне ерекше мән берілуде. Ендеше, мектеп оқушыларының дүниетанымын кеңейтуде, оқу танымдық белсенділігін арттырып, білім, біліктерін жетілдірудің қоғамық мәні зор деген сөз.
Қазіргі таңда заман талабына сай тұлға болып қалыптасып, мақсат – арманыңа жету үлкен өнерді, өмір сүру өнерін меңгеруді қажет етеді. Әрбір адам өзін-өзі дамыта алу үшін білім алып, сол біліміне сай мамандыққа машықтану керек. Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез-келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кімде-кім өзінің ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе, өзіне де ,қоғамға да үлкен пайда келтірмек. Өз қалауы бойынша істеген адамның жұмысы да өнімді,қызықты, берекелі болмақ. Ж.Аймауытов атамыз айтқандай, “Өмірде өз мақсаттарымызға жету үшін қабілетімізге қарай мамандықты таңдай білейік!” деген екен.
Әрбір оқушы бой жетіп,ер жеткен кезде оның жүрегінде қандай маман иесі болсам екен деген ой туындайды.Кез-келген оқушы сияқты мен де мектепте оқып жүргенде мамандық таңдау мәселесіне тап болдым.Мен оқыған мектептегі мектеп психологы Айнагүл Болатқызы Кабдырахманова біздерден әртүрлі сауалнамалар алып,тренингтер өткізіп, әрқайсымызбен жеке сөйлесетін. Біз ол кісіге өз ата-анамызға айта алмаған сырларымызбен бөлісіп, соған жауаптар алушы едік.Сол кезде Айнагүл Болатқызы жаңадан келген жас маман болса да әрқайсымызға көңіл бөліп сырласып, әңгімелесуші еді.Міне, сол шақта психолог мамандығы маған ерекше ұнай бастады.Сол кезден бастап мен психолог жұмысының қыры мен сырына қызыға қарайтын болдым.Мен осылай психология саласымен таныса бастадым. Сол сәттен бастап психолог маманы болуды жан-дүниеммен қалады.Мектеп бітіріп, қолымызға аттестатымызды алған соң, мен бірден С.Аманжолов атындағы Университетке құжаттарымды тапсырдым. Университет қабырғасында оқып жүрген кезімде бұл мамандығымның қызығы мен қиындығы туралы өзімнің ұстаздарымнан және кафедра меңгерушісі Мадина Дәулетқызынан көп мағлұматтар алып, білімімді дамыта түстім және сол мамандыққа деген махаббатым арта түсті. Әлі күнге дейін есімде ең алғаш мектептерге практикаға барған кездерім.Алғашқы оқушылармен сұхбаттасып,өткізген тренингтерім.
«Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла …» деп Абай Құнанбаев айтқандай, әрбір адам жеке тұлға, олардың әрбіреуінің өзінің шешілмеген жұмбағы, құпиясы бар, сол жұмбақтың кілтін тауып аша білу, әрбір жүректің құпия сырын оқи білу, психолог мамандардың міндеті деп есептеймін.Әрбір адамға жақсы маман болып қалыптасуы үшін білім, ынта ,тынымсыз еңбек, өзіне деген сенімділік, мақсатына жетуге деген құштарлық,ерік – жігер, тиянақтылық сияқты көптеген қасиеттер қажет. Ал жақсы психолог болып қалыптасу үшін жоғарыда көрсетілген қасиеттермен қатар, әрбір істі шығармашылықпен, адамгершілікпен шешуді қажет ететін интуиция, дәлдік, тапқырлық, мейірімділік сияқты тағы басқа қасиеттер болуы қажет деп есептеймін. Осының нәтижесінде психолог – көмекші, психолог – өзгелердің жан – дүниесін терең түсінетін немесе түсінуге ұмтылатын – зерттеуші, психолог – өзгелердің жан ауруын емдеп жазуға ұмтылатын – қолдаушы,- деп айта аламыз.Психолог маман аса сезімтал, ерекше жанашыр, мықты, шыдамды,ерік-жігері күшті болу арқылы шәкіртінің сырына бойлай алады. Ол әрбір оқушының жан дүниесін түсіне отырып, көмекке зәру жанға уақытында қолдау көрсетіп, қайғысына ортақтасып, қуанышына қуанып, қателігі болса түзеп, жақсылығы болса асырып, мадақтап отыруға жұмыс жасайды.
Қазіргі жаhандану дәуірінде ғылым мен техниканың даму кезеңі болып есептелінеді.Сондықтан біздің алдымызға қойылған мақсат бәсекеге қабілетті,өзіне сенімді,дарынды,білімді,көп тілді меңгерген жеке тұлға қалыптастыру.Қазіргі кезде ақпараттық технологиялардың даму қарқыны қоғамның дамуына жақсы әсер етуімен қатар, оқушыларымыздың оқуына, тәрбиесіне өз зиянын тигізуде.Оқушылар бос уақыттарының көбін ғаламтор желісінде отырып агрессивті мінез-құлық қалыптастыратын ойындар ойнап, дұрыс тәрбиесі жоқ кинолар көріп,шетелдік музыканттардың музыкасын тыңдап отыратыны баршамызға аян.Сол себепті оқушылардың мінез-құлқында , тәрбиесінде, өмірге деген көзқарастарында қиыншылықтар туындауда.Екіншіден ата-аналардың бала тәрбиесімен айналысуға уақыттарының жетпеуі,материалдық тұрғыда қамтамасыз етіп, моральдық қолдауды ұмытып кетуі, психологтарға жүктелген жауапкершіліктің ауыр екенін көрсетіп отыр.Психолог әрбір оқушының жан дүниесін түсініп, көмекке зәру жанға дер кезінде қолдау көрсетіп,қайғысына ортақтасып, қуанышына қуанып, қателігі болса түзеп, жақсылығы болса, мадақтап отыру керек.Психолог өз алдына келген оқушының пікірін тыңдай біліп, оған көмек қолын созуға әрқашанда даяр тұруы қажет.
Мен кез-келген психологиялық жұмыстар жүргізу кезінде әрбір баланың жүрегіне үңілуге,олардың әрбір айтқан сөздерін ,мұңдарын мұқият тыңдауға тырысамын және дұрыс бағыт-бағдар беруге талпынамын. Солардың жүректеріндегі ,көздеріндегі мұңды сейілтуге,көңілдеріндегі қуаныштарын тарқатуға, әрбір оқушымен құрбысындай ,бірінің әпкесі,бірінің ата-анасы,бірінің ұстазы, бірінің аралас досындай бола білуге жұмыс жасауға тырысамын. Мен үшін оқушының қызығушылығы,қабілеті,психологиялық ерекшеліктері алдыңғы орында.Мен күнделікті жүргізіп отырған жұмысым арқылы оқушылардың психологиясын зерделей отырып,жат қылықтың етегінде кетпес үшін алдын ала көптеген жұмыстар жүргізіп отырамын.Сыныптағы ақыл –ойы төмен, мүмкіндігі шектеулі,тәртібі қиын тағы басқа оқушылармен күнделікті жұмыс түрлерімен зерттеулер жүргізіп,тренингтер мен ойындар арқылы қабілеті мен психологиялық ерекшеліктерін анықтап отырамын.Зерттеу жұмыстары арқылы оларға кеңестер беремін.Сөйлесу арқылы басқа оқушылармен қарым-қатынас жасатуға,өз ойын айта білуге үйретемін.Осындай психологиялық жұмыстар жүргізу кезінде әр баланың,оқушының жүрек түкпіріне үңілуге тырысамын. Әр жастағы баланың даму ерекшелігі әртүрлі болғандықтан даму ерекшеліктеріне сай келетін, тәрбиенің тиімді әдісі-тәсілдерін таба білуге, баламен тіл табысуға,оқушының сеніміне бөлену,ұйымдастырушылық қабілеттерін қалыптастыру мақсатында өз тәжірибемді одан әрі жандандырып, әріптестеріме көмегімді тигізсем деп ойлаймын.
Қорыта айтсақ, ешқандай мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез-келгеніне икемділік қажет. Ол үлкен өнерді, зор шеберлікті, білімді, шыдамдылықты қажет ететін еңбек деп ойлаймын.Сондықтан мен өз мамандығымның қыры мен сырын әрқашан толықтырып,заман талабынан қалмауға бар күш жігерімді салуға тырысамын. Өйткені, бұл менің өз таңдаған мамандығым ғой! Кімде -кім өзінің мамандығын сүйіп, жүрек қалауымен қызмет ете білсе, өзіне де, өзі өмір сүріп жатқан қоғамға да үлкен пайда келтірмек. Мамандығымыз - ол біздің мақсатымыз,мақтанышымыз және болашағымыз дегім келеді.