Главное меню

  • К списку уроков
сабақтың жоспары бөлмеде
27.10.2015 610 0 нурмагамбетова торгын амангельдиевн

Сыныбы: 2
Сабақ тақырыбы: Бөлмеде
Мақсаты:
Интеллектуалдық және танымдық біліктер мен оқылым, жазылым, сөйлесім, тыңдалым арқылы коммуникативтік дағдыларының шыңдалуына жағдай жасау.
Міндеттері:
білімділік міндеті:
үй, бөлме, бөлме заттары туралы сөздерді (1-тапсырма);
қалып етістіктерін (5-тапсырма);
«емес» болымсыздық етістігін (3-тапсырма);
көмекші есімдерді пайдалана отырып сөйлем құрай алу, олардың сөйлемдегі ролін (3,4-тапсырмалар);
қойылған сұрақтарды, ситуацияны түсіне отырып, коммуникацияға түсе алуды (2,3-тапсырмалар) үйрету.
дамытушылық міндеті:
салыстыру (№ 5-тапсырма);
өзара пікір алысу (3-тапсырма);
дәлелдеу (№ 4-тапсырма);
есте сақтау (№ 4-тапсырма);
көру, есту, жазу, оқу дағдыларын дамыту (оқулықтағы 5-тапсырма).
тәрбиелік міндеті:
сөз бен істің бірлігі;
ақыл-ой тәрбиесі;
өзара сыйластық;
мейірімділік (ханзадаға көмек беру);
еңбек мәдениетіне (бөлмені жабдықтау);
эстетикалық мәдениетке тәрбиелеу (сергіту сәті).
Сабақтың типі: практикалық дағды қалыптастыру сабағы
Сабақтың түрі: дәстүрлі емес сабақ (ойын сабағы)
Оқыту әдістері: коммуникативтік, көрнекілік, практикалық, зерттеу, дедуктивтік
Сабақтың жабдықталуы: дидиактикалық материалдар (оқулық, тыңдалым), көрнекілік құрал (домбыра), техникалық құралдар (компьютер, интерактивті тақта, activPen)
Сабақ барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі:
А) амандасу: - Сәлеметсіңдер ме, балалар?!
- Сәлеметсіз бе?!
Ә) психологиялық дайындық: - Балалар, бүгін біздің сабағымызға көптеген қонақтар келіп отыр. Оларға өзімізді жақсы жақымыздан көрсетіп, сабағымыздың сәтті өтуі үшін, жылы-жылы сөздер айталық!
Оқушылар: Мен өзімді жақсы көремін. Мен адамдарды, ата-анамды, өмірді және қазақ тілін жақсы көремін.
Б) тілдік орта қалыптастыру:
- Бүгін сыныпта кім кезекші?
- Бүгін сыныпта кім жоқ?
- Қазір қандай жыл мезгілі?
- Қыста неше ай бар?
- Қазір қандай ай?
- Бүгін ауа-райы қандай?
- Сен жылы киіндің бе?
В) үй жүмысын тексеру: - Үй жұмысына өз үйлерің, бөлмелерің туралы бір-екі ауыз сөйлеммен әңгімелеуге дайындалып келу берілген болатын.
ІІ. Жаңа сабақ:
Балалар, мен бүгін жаңа сабақты қайырымды ханзаданың бізге жазған жеделхатын оқудан бастағым келіп отыр. Жеделхат дегеніміз не, балалар? (телеграмма). «Құрметті 2 сынып оқушылары! (...)». Ендеше, көмектесеміз бе? Ол біздің қолымыздан келеді, Ал зұлым сиқыршы қалай ойлайды екен? (сиқыршының пікірі оқылады).
Ал ендеше, дайын болсақ жолға шығалық. «Асқар-асқар таулардан, асу-асу белдерден өтіп, темір етік теңгедей, темір таяқ тебендей болғанда алыстан бір үлкен үй көрінді».
Мынау не?
Бұл-үй.
Қандай үй?
Әдемі, үлкен үй.
Ханшайым жасарылған үй.
Дұрыс. Ханшайымды іздеу үшін үйге енейік. Ол үшін бізге не керек?
Кілт.
Кілтті табу үшін не істеу керек?
Кілтті табу үшін сиқыршының бірінші жұмбағын шешу қажет. (Оқушылар сандықтағы бөлме заттарын алып атайды және сипаттайды, ең соңында кілт шығады. Кілтпен келесі бөлменің есігін ашамыз).
О, қандай әдемі бөлме! Бөлмеде кім отыр?
Ата отыр.
Атаға амандасайық!
Сәлеметсіз бе, ата?!
Атаға жылы сөздер айтайық, бөлмесін мадақтайық.
Ата, сіздің бөлмеңіз әдемі екен.
Ата, сіз әдемісіз.
Ата, қалыңыз қалай?
Ата, денсаулығыңыз қалай?
Жақсы, ата сендерге риза болды. Енді еденге қарайықшы, не көріп тұрмыз. Еденде қима қағаздар шашылып жатыр, сондықтан атаның бөлмесін жинап берейік (қима қағаздардан сөздер құрау).
5-тапсырма. Көп нүктенің орнына керекті сөздерді қой.
Үйдің үстінде антенна ... .
Үйдің қасында ит ... .
Үйдің ішінде атам ... .
Үйдің алдында әжем ... .
Керекті сөздер: отыр, тұр, жатыр, жүр.
Тиісті сөздерді орнына қойған соң, дәптерімізге жазып аламыз.

Атай келесі бөлменің кілтін берді. Ал келесі бөлменің есігі жабық екен. Енді қайттік?
Есікті ашу үшін, есікке жасырылған сиқырлы сөздің құпиясын ашу керек. (Есік жанындағы шамды түртіп, компьютерге алдын ала жазылған мәтінді тыңдаймыз).
Мынау – менің бөлмем. Бөлмеде бір есік, екі терезе бар. Терезенің алдында гүл тұр. Есіктің оң жағында шкаф тұр. Шкафтың ішінде киім ілулі тұр. Есіктің сол жағында диван бар. Диванның қасында мысық жатыр. Бөлмеде үстел бар. Үстелдің үстінде компьютер тұр. Үстелдің астында доп жатыр. Бөлме таза.

Мәтінге байланысты кері сұрақтар:
Бөлмеде екі терезе, бір есік бар. (Иә, бөлмеде екі терезе, бір есік бар).
Үстелдің үстінде шам тұр. (Жоқ, үстелдің үстінде шам емес, компьютер тұр).
Үстелдің астында мысық жатыр. (Жоқ, үстелдің астында мысық емес, доп жатыр).
Есіктің оң жағында шкаф тұр. (Иә, есіктің оң жағында шкаф тұр).
Есіктің сол жағында төсек бар. ( Есіктің сол жағында төсек емес, диван бар).
Диванның қасында ит жатыр. (Диванның қасында ит емес, мысық жатыр).
Терезенің алдында кітап тұр. (Жоқ, терезенің алдында кітап емес, гүл тұр).

Ал, балалар, бөлмеге ендік. Бөлмеде кім бар?
Бөлмеде ханшайым бар.
Ханшайым қайда жатыр?
Ханшайым төсекте жатыр.
Ханшайым тәтті ұйқыда.
Оны қалай ояту керек?
Оны ояту үшін, қатты дауыстап сөйлесуіміз керек.
Дұрыс айтасыңдар. Ендеше, көмекші есімдерді, суреттегі жиһаздар мен ойыншықтарды пайдалана отырып сөйлем құрайық.
Мысалы: Төсектің үстінде ханшайым жатыр. Терезенің алдында қонжық отыр. Еденде қуыршақ отыр. Орындықтың үстінде қонжық отыр. Төсектің қасында шам тұр. Қабырғада қағаз ілулі тұр. Терезеде перде ілулі тұр.

Ханшайым тәтті ұйқыдан оянды. Бірақ, оның көңіл күйі жоқ сияқты. Көңілді ме?
Жоқ.
Оның ендеше көңіл күйін көтеріп, ән салып берейік.
ІІІ. Сергіту сәті: «Қазақ тілі көркем-ай» әні
Тату өскен баламыз,
Айтқан тілді аламыз.
Нанға кетсе анамыз,
Үйде өзіміз қаламыз.
Еркем, еркем, еркем-ай,
Қазақ тілі көркем-ай.

Ата менен ананың,
Айтқан тілін аламыз.
Үлкен кісі жұмсаса,
Қайда болсын барамыз.
Еркем, еркем, еркем-ай,
Қазақ тілі көркем-ай.

Үйді де біз жинаймыз,
Ешкімді де ұрмамймыз.
Ешкім бізге тимейді,
Біз де бәрін сыйлаймыз.
Еркем, еркем, еркем-ай,
Қазақ тілі көркем-ай.

IV. Сабақты қорытындылау:
А) бекіту:
Ханшайымды қамаудан босаттық. Енді әніміз ісімізге сай болсын деп, мына бөлмені жинап берейік. (1-суреттегі жиһаздардың орналасуын мұқият қарап, 2-суреттегі жиһаздарды сөйлей отырып, орналастыру).
Ә) рефлексия:
Рахмет, сендерге. Біз, міне, мұрат-мақсатымызға жеттік. Алыс жолға аттанып, сол жолда кездескен қиындықтарды жеңдік, ән де айттық, бөлмені де жинастырдық. Қайырымды ханзада бізге алғысын білдіретіні сөзсіз. Алдымен көңіл күйлерің қалай? Соны білейікші! (Оқушылар тақтадағы көңіл күй белгілерін белгілейді).
Б) бағалау:
Бізге ханзада бағалар қоржынын жіберіп отыр. Соны ашып, кімге қандай сый-сияпат жібергенін көрейік. (Қоржыннан бағалар алынып, оқушылар бағаланады).
V. Үй жұмысы: жиһаздар туралы жұмбақтар жаттап келу.