Главное меню

  • К списку уроков
Болашақ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің құзыреттілігі
08.01.2016 847 0 Сембаева Алтынкул

Алматы облысы Талғар ауданы Гүлдала ауылы Талғар ауданы әкімдігі «Талғар ауданы білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі «Мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар №21 жалпы білім беретін орта мектебі» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сембаева Алтынкүлдің «Болашақ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің құзыреттілігі» тақырыбында дайындаған баяндамасы
Егеменді еліміздің жаһандық өркениетке енуімен бірге білім беруге қойылып отырған талаптың өзі шығармашылықпен жұмыс істей білетін, бәсекеге қабілетті жеке тұлға қалыптастыру екендігі баршамызға мәлім. Басты мақсат тек білімді тұлға дайындау ғана емес, рухани дүниесі бай, ұлттық құндылықтарды бағалауға және дамытуға қабілетті тұлғаны тәрбиелеп шығару болып отыр. Ұстаздар қауымына ел ертеңі болашақ ұрпақтың «құзіреттілік» деп аталатын білімділіктің жаңа деңгейіне шығуына жағдай жасау міндеті тұр. Бұл әрине, сапалы білім мен іскерлікті талап ететіні жасырын емес. Ал оқушыға сапалы білім беру, сабаққа ынтасын арттыру, құзыреттілігін қалыптастыру мұғалімнің қолындағы шаруа. Ұрпақ болашағы білім шаңырақтарынан бастау алады. Ел ертеңі – өзіміз оқытып, тәрбиелеп отырған мектеп оқушылары. Қазіргі білім беру үрдісінде оқытудың соңғы тәсілдерін игерген, шығармашыл мұғалім ауадай қажет, неге десеңіз ұстаз алдында егеменді еліміздің ертеңі, келешегі тұрғандығы айдан анық. Қазір білім ауқымы кеңейген, технология қарқынды дамыған кезең. Заманға сай өз ойын еркін жеткізе білетін дарынды, білімді де салауатты, шығармашыл тұлғаны қалыптастыру басты мақсатымызға айналды. Оқушы жеке тұлға ретінде қалыптасуы үшін міндетті түрде білім негіздерін өз еркімен үйреніп, іс-әрекетінің мақсатын өзінше түсініп, алған білімін өмірде қолдана алатындай жағдай жасауға тиіспіз. Демек, сапалы білім алған, құзыретті, бәсекеге қабілетті оқушылар ғана болашаққа кірпіш болып қаланары сөзсіз . Келешегі кемел ұрпақ тәрбиелеуде қазақ тілін оқытудың мақсаты мыналар деп білемін: .Қазақ тілінде сөйлей, өз ойын еркін жеткізе алатын тұлға; .Қазақ тілінде ойлай алатын, қазақ әдебиетін, мәдениетін, ұлттық құндылықтарын меңгерген тұлға тәрбиелеу. Құзыреттілік –оқушының әрекет- тәсілдерді жан-жақты игеруінен көрінетін білім нәтижесі болғандықтан, құзыретті тұлға қалыптастыру міндеті бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Құзыреттілік адамның өзіндік деңгейіне, қасиеттеріне байланысты тұлғалық, теориялық, практикалық өлшеу дәрежесі жоғары деңгейде кіріктірілген құрылым ретінде қарастырылады.Ол ең әуелі мектептегі оқыту үрдісінде қалыптасады. Сонымен, оқытудағы құзіреттілік тәсіл білім беру нәтижесі ретіндегі оқыту сапасын қамтамасыз етеді, ал ол өз кезегінде кешенді әдіс-тәсілдерді жүзеге асыруды, мектептегі оқыту сапасын бағалаудың біртұтас жүйесін құруды талап етеді. Демек «құзырет» және «құзыреттілік» ұғымдарын мектептегі педагогикалық тәрбиеге енгізу білім берудің мазмұны мен әдістерін өзгертуді, іс-әрекет түрлерін нақтылауды талап етеді.
Құзыреттілікті қалыптастырудың бір жолы- педагогикалық жағдаяттар тудыру арқылы оқушылардың өз ойларын, өзіндік ізденіс жолдарына , өзіндік әрекеттерге бағыттау болып табылады. Шығармашылық- адамның ойлауының және өз бетінше атқарған іс-әрекетінің жоғарғы формасы. Шығармашыл адам-жаңашыл, ізденімпаз, үздіксіз алға жылжуды мақсат ететін тұлға. Шығармашылық тапсырмалар оқушылардың өз беттерімен зерттеу, іздену, қорытынды жасау іс-әрекеттеріне түрткі жасай отырып, олардың дарын, қабілеттерінің жетілуіне ықпал етеді, таным белсенділіктерін арттырады.Мұғалім өз тарапынан көмек беріп, жетелеп отырады.
Мына заманда біздің оқушылардың алдына қойылатын талаптар да күннен-күнге, жылдан-жылға өсуде. Заман талабы оқушылардың бойында түйінді құзыреттіліктерді қалыптастыру болып табылады.
Мұғалімнің жан-жақты ізденісі, жаңашылдығы жаңа айтып өткендегідей, құзыреттілігімен айқындалады. Осы орайда сабақта оқушының өз еркімен білім алуына, тапсырманы ойлау қабілетіне бағыттауға, оқытуды жаттанды түрде емес, шығармашылықпен меңгертуге көңіл бөлу қажет. Оқушы қиялы бай, ақыл-қабілеті дамыған, сол себепті шығармашылық оған шабыт, қуаныш сезімін әкелуі мүмкін. Қазіргі кезеңдегі қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда нәтижеге бағытталған іс-әрекетті құзыреттілік тұрғыдан жүзеге асыру – негізгі міндет. Құзырлылық – оқушы іс-әрекетінің сапасынан көрінетін білім нәтижесі.
Уақыт талабына сай ертеңгі болашақ жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу ұстаздарға зор жауапкершілікті жүктейді. Ол мұғалімнен үздіксіз ізденуді , өз білімін үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді. Мұғалімнің шеберлігі мен жетістігі – сапалы білім және жақсы тәрбие алған шәкіртінде. Оқушы шығармашылығын дамыту ісі үздіксіз жүргізіле бермек. Бұл қоғам талабына сай туындайтын қажеттілік. Шығармашылыққа жетелеу шәкірт бойындағы қабілетті ашып, тілін байытып, өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізуде маңызы зор. Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында түрлі әдістер арқылы қолайлы жағдай жасауға тырысамын. Айталық, « Ой қозғау», «Болжау» әдістерін оқушының ой ұшқырлығын бақылауда, стандартты емес шешім жасауда тиімді пайдаланған жөн. Топтық тапсырмалар сыныпта ынтымақтастықты қарым-қатынас орнатуға, шығармашылықпен жұмыс жасауға, тақырыпты өмірмен байланыстыруға мүмкіндік туғызады. Әдебиет сабағында оқушының тілдік құзыреттілігін қалыптастыру мақсатында жиі қолданылып жүрген «Авторға хат» ,« Биопоэма», «Семантикалық карта», «Қос жазба күнделігі», «Оңай және қиын сұрақтар», «6 неліктен?» сияқты әдістердің тиімділігін айтсам артық болмас.
Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында көбінесе оқушыны шығармашылық жұмыстарға жетелеу, ойын еркін айтқыза білу, тіл байлығын дамытуға басты назар аудару қажет болып табылады. Сабақ неғұрлым қызықты болса, оқушының сол пәнге қызығушылығы артады, сабақты асыға күтетін болады.
Оқушыларды өз тәжірибем арқылы былайша шығармашылыққа баулуға болады деп санаймын:
*Еркін тақырыптарға шығарма, ойтолғау, эссе жазу;
*Өлең құрастырту;
*Мақал-мәтелдерді негізге ала әңгіме жаздыру;
*Тақырыпқа сай бейнесөз құрастырту;
*Жақын досын сипаттату,мінездеме жазғызу; *Өлеңді қара сөзге айналдырып мәтін құрау;
*Іс қағаздары үлгілерін жаздыру;
*Тақырыпқа сай диалог, монолог жаздыру; Оқушыны іздендіру үшін сұрақ қоя білуге үйрету арқылы оның саналы ойлауы, жан-жақтылығы, білімі мен біліктілігі қалыптасады. Сонымен қатар, жоспарлы түрде жұмыс істеуге машықтану үшін мәтін бойынша жоспар құру әдетін қолдануға болады. Нәтижесінде оқушы мәтін бөлімдеріне қысқаша тұжырымдама жасап, әрбір оқиғаға ат қойып, өзіндік іздену мен білім дағдысын берік қалыптастырады.Мәтін бойынша түсініксіз сөздер тізбегін жасау, поэзиялық шығармаларды прозаға айналдыру тәсілдері де оқушының жан-жақты дамуына үлкен ықпал етеді. С.Исаев, Ж.Дәулетбекова авторлығымен «Атамұра»2015 баспасынан шыққан 6-сыныптың қазақ тілі оқулығының оқушы құзыреттілігін дамытудағы рөлі басым. Себебі, мұнда дербес жұмыс та, жұптық жұмыс та, топтық жұмыс та кеңінен қамтылған. Тапсырмалардың өзі мазмұнды, мағыналы, қызықты. «Броундық қозғалыс», «Оймоншақ», «Аквариум», «Жигсо» , «Сөз моншақ», «Блиц (шұғыл) сұрақтар, түрлі рөлдік ойын тапсырмаларының оқушы құзыреттілігін арттырудағы ықпалы зор екендігін пайымдадым.
Қорыта келгенде , қазақ тілі мен әдебиеті пәнін құзыреттілік тұрғысынан оқыту мәселесін оқу-тәрбие үрдісі барысында басшылыққа алып, сол сабақтарда оқушыларды шығармашылықпен жұмыс жасатып, алған ақпараттарын өмірде қолдана алуына жағдай жасау үшін құзыреттілік тұрғысынан оқыту тәсілдерін қолданудың оқушы біліктілігін арттыру үшін маңызы зор екендігіне көзім жетті.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Қ. Бітібаева « Әдебиетті оқыту әдістемесі» Алматы, « Рауан» 1997.
2. Ж.Диханбаева « Сын тұрғысынан ойлау мен дамытпалы оқыту» , «Дауыс және көрініс» №3, 2006.
3. Қ.Жұмалиев Әдебиет теориясы. Алматы, 1967.
4. С.Ч.Тұрсынғалиева, Г.Р. Бәкенова «Қазақ әдебиеті» әдістемелік құрал «Арман ПВ»баспасы 2013.