Главное меню

  • К списку уроков
Тілсіз -ұлт болмайды!
06.05.2018 83 21 Жунисова Жанар Масакбаевна

Қасиетті қос ұғым - тіл және тәуелсіздік
Тілі менен діді үшін,
Толарсақтан қан кешкен
Түп атамыз көк түрік!
Тәуелсіздік тағдырдың
Тәбәрігі деп біліп,
Тәуелсіз елдің түлегі-
Тәуменді болмай бөтенге
Танып, біліп өткенді
Танытайық тектілік!
А.Мауданов
Тәуелсіздік және тіл... Қасиетті де қастерлі егіз ұғым! «Қасиетті» деген сөз ең асыл да ұлы ұғымдардың бірі болса, менің де тәуелсіздік пен тілді ұлы ұғымға теңеуім – заңды құбылыс.
Егеменді ел болып еңсемізді көтеру біз үшін оңайға түспегені баршамызға аян. Тарих атты тағылымға зер салып, өткенге көз жүгіртпей «тәуелсіздік таңы атты жарқырап» деп жар салуымыз елінің бүтіндігі, халқының бақыты үшін қасық қаны қалғанша, бойда күші солғанша ер мінез танытқан кешегі асыл ерлеріміздің алдында үлкен сын болар еді. Тәуелсіздік жолында қайсар халқымыз нелер зұлмат, нәубетті басынан кешірмеді дейсіз... Сол зобалаңдардың бірі – ізі суып үлгермеген кешегі 1986 жылғы ызғарлы желтоқсан оқиғасы.
Кең алаң!
Жиналған жұрт шындық тілеп,
Жол іздеп шырғалаңнан тұрды жүрек.
Ұйтқыған ақ боранда күрсініп ел
«Аһ ұрды» жатқандай боп күн күркіреп.
Кіл жастар!
Алаңда тұр таңда халық,
Үрейін үмітіне жалғап алып.
Бір сұмдық болып жатты желтоқсанда
Көшесін Алматының қанға малып...
Иә, қаһарлы желтоқсан күндерінде халқының ар-намысын қорғап, шындық ауылын іздеп шырылдап алаңға шыққан қыршын жастар, алтын сақадай ұл-қыздарымыз кімдер еді? Олардың жан-дүниесін сонша тебіренткен нендей күш? Ол, әрине, ұлттық намыс, бойында қазақы қаны бар әр азаматтың сана серпілісі, жүрек дүрсілі, жастық жігері еді.
Жастық жігер дүбірлеткен алаңды,
Азат етті менің балғын санамды.
Тұмшалаған ата-баба тарихын
Азат етті ұлан байтақ даламды.
Ұлан байтақ даламыздың азаттық алып, дербес мемлекет болуы қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, сол ұлы күнге біз құдіретті Аллаһ тағаланың қолдауымен кеудесіндегі жұдырықтай жүрегі «елім» деп соққан жалынды жастарымыздың ерен өжеттігімен жеттік деуге болады. Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында бас тіккен азаматтардың, олардың қатарында бұл күнге жете алмай, тұғырлы да туған Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен желтоқсан құрбандарының рухы, алаштың азаттығын аңсап өткен ата-бабаларымыздың асыл арманы осы қол жеткізген жеңісімізді, ұлттық бағалы құндылықтарымызды қасиет тұтып, қастерлей алмасақ бізді кешіре алар ма?!
Тағдырдың өткен тезінен,
Тарихтың құрдас өзімен.
Тілді деме жұпыны.
Тұтастыққы үндеген,
Талай заман түрлеген
Тіл болар ұлтқа құт ұлы!-деп ақын жырлаған қасиетті ұлы ұғымның бірі – тәуелсіздігіміздің төл белгісі іспеттес талай ғасырлық бабалардың асыл да бай тарихын саф алтындай бізге сыйға тартқан бағалы тіліміз.
Қазақ тілі-
Атаң, Анаң.
Қуат алар
Отан да одан.
Дүниеде ешбір асыл
Тең келмейді қатар оған,-деген жыр шумақтары дүниедегі бар асылдардың асылы, тіпті баға жетпес байлығымыз-тіліміздің құдіреттілігін танытып тұр емес пе?! Біздің тіліміз – ауыл-үйдің тілі емес, ардақты тұлға Абайды атақты етіп әлемге танытқан Абай тілі, Қоңтажыдай қаһарлы қалмақ ханын тұқыртқан қаз дауысты Қазыбек тілі, әкемнің құты, шешеміздің сүтімен бойымызға сіңген бабалар тілі, халқымыздың бар асылын санамызға құйған даналар тілі! Ана тілі... Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын баға жетпес қазына. «Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі» деді емес пе Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. «Халықтың мәңгі ғұмыры оның тілінде, әрбір тіл өзінің халқы үшін -Ұлы»,-дейді Ш.Айтматов.
Қалай ойлайсыз, бүгінгі тәуелсіздігіміз кемелденген шақта біздің төл тіліміз шын мәнінде құдіретті де ұлы болып тұр ма? «Айтпаса, сөздің атасы өледі»,-демейді ме атам қазақ. Өз үйінде жүріп өгей болған баланы көргеніңіз бар ма? Жоқ, әрине. Ендеше, біздің бабаларымыздың асыл да дана тілі масыл да шала болып неге босағадан сығалауы керек?! Тілі жүдеген елдің рухы жүнжиді.«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабаларымызды, тарихымызды ұмыту»- деді емес пе рухты ақынымыз Б.Момышұлы. «…жалтақтауды қоятын заман туды, қазақ тiлiнiң болашағы қазақтардың өздерiнiң қолдарында», «Өз тілімізбен өмір сүрейік!»- бұдан артық қалай айтуға болады? Қажет десеңіздер, одан да оңайлатып айтайын: «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін!»-деген Елбасымыздың ұранды ескертулерін неге елемеске?! Олай болса, бойда намысы бар әр азаматтың міндеті – қастерлі тілімізді өз тиісті орны тәуелсіздік төріне шығару. Ал өз кезегімізде біздің, қазақ тілі мамандарының басты міндеттерінің бірі І.Кеңесбаевтің сөзімен айтқанда мынадай болмақ: «Ана тілін құрметтей білуді насихаттау – басты міндеттердің бірі болуға тиісті. Ғылым мен техниканың, мәдениет пен әдебиеттің табыстарын білу құралы, өмірдің әр саласын тани білу құралы бола алатын ана тілімізді сүйе білудің айрықша мәнін түсіндіріп отыру қажет». Көк найзаның ұшымен, арынды ата-бабаларымыздың күшімен, жастардың қайсар ісімен қол жеткізген асылдарымызды бағалау – әріде елінің егемендігін аңсап өткен әзиз ата-бабаларымыздың, беріде желтоқсанның ызғарына ұрынып, қан кешіп кеткен Ләззаттай қызғалдақ қыздарымыз, «қазағым» деп қабырғасы қайысқан Қайраттай ұлдарымыз сынды желтоқсан құрбандарының алдында әрбір саналы азаматтың парызы болмақ. Көреген көшбасшы, кемеңгер елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының тілімен айтқанда: «Қазақстанның болашағы қазақ тiлiнде, тiлсiз ұлт болмайды. Өз тiлiмiздi сақтау, өз тiлiмiздi құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етедi әрi ата-баба алдындағы ұлы парызымыз!».
Қорыта келе айтқанда, қолда бар асылымыздың құнын түсініп, бағалай білейік дей келе мені толғандырған ой толғауымды мына өлең шумақтарымен аяқтағым келеді:
Ежелден аңсағаным теңдік еді,
Егемендік деп соққан ел жүрегі.
Асқақтай әнұраным орындалып
Көгімде көк байрағым желбіреді.
Теңдіктің атып таңы даламызға,
Оралып өз орнына санамыз да.
Жаршысы жаңа өмірдің – Тәуелсіздік
Жиырма төрт жыл жасап жатыр арамызда.
Көз салып келешектің нұр таңына,
Жазылар жақсылыққа жыр сағына.
Аңсаған ата-баба – Егемендік
Бергейсің тек тыныштық ұрпағыңа!

Скачать материал

Полный текст материала смотрите в скачиваемом файле.
На странице приведен только фрагмент материала.