Главное меню

  • К списку уроков
Ата -аналар жиналысы
02.03.2016 2110 164 Жапакова Алмагуль Андреевна

Ата –аналар жиналысы II сәбилер тобы Тәрбиеші Жапакова Алмагуль Андреевна.
Күн тәртібі:

1. Кіріспе.
2. Ата-аналарға арналған тренинг.
3. Баяндама: «Кіші топ жасындағы баланы өз бетінше әрекет етуге тәрбиелеу»
4. Ата-аналарға арналған ойындар.
«Жанұя ойыны»сергіту жаттығуы
5. Ситуациялық сұрақтар.
6. Ата-аналарға арналған жадынама.
7. Қорытындылау.«Тілек шамы»
1.Кіріспе.
-Сәлеметсіздер ме,құрметті ата-аналар! «Шұғыла» тобында ұйымдастырылған кезекті ата-аналар жиналысына қош келдіңіздер!
Азамат баласының ең негізгі мақсат-дүниеге келген ұрпағының болашағына жауапкершілікпе қарау. Бала - атаның көз қуанышты,болашағы. Бүгінгі біздің жиналысымыздың тақырыбы: «Кіші топ жасындағы баланы өз бетінше әрекет етуге тәрбиелеу» деп аталады.
Шаттық шеңбері:
Ата - аналарды қолымыздан ұстап, шаттық шеңберіне тұрғызу. Мен сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Қане, бәріміз бір - біріміздің қолымыздан ұстап шеңбер құрайық. Осы дөңгелек шеңберді неге шаттық, жылулық шеңбері деп атаймыз? Қалай ойлайсыздар. Шеңберге тұрудың үлкен бір қасиеті бар. Шеңберіміз көктегі жылу беретін күн сияқты дөңгелек. Шеңберге тұрып, бір - бірімізді жақсы көре аламыз, жақсылық пен жылулығымызды сыйлай білуге үйренеміз. Міне, сондықтан бұл шеңберді жылулық, шаттық шеңбері деп атаймыз. Енді бәріміз жақсылық тілеп, шаттана қуанып, күлкімізді сыйлайық.

2.Ата-аналарға арналған тренинг.
Құрметті ата - аналар, «Табиғатсыз адамдардың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» демекші адам табиғатпен тығыз байланысты табиғаттағы ең маңызды нәрсе ағаш, енді сол ағаштың несі болар едіңіз тамыры ма, әлде діңі ме, әлде жапырағы ма? Әркім өз қалауы бойынша тамыр, жапырақ, діңі болып бөлінеді.
Ал енді ата - аналар тамырлар бір бөлек, жапырақтар бір бөлек, діндер бір бөлек отыруымыз керек. Сіздер не үшін тамыр тобын таңдадыңыздар, сіздер не үшін жапырақ таңдадыңыздар, сіздер не үшін діңін таңдадыңыздар соны тобыңызбен келісе отырып бір келісімге келіп, топтан бір адам шығып қорғайсыздар. (әр топтың сөзі тыңдалып, қошеметпен шапалақ ұрылып отырады).
Сіздердің бұл таңдауларыңыз кездейсоқтық емес, психологиялық сәйкестік. Тамыр таңдағандар істің нәтижесіне мән беретін адамдар. Діңгекті таңдағандар берік, мықты біреуге тірек бола алатын адамдар. Жапырақ таңдағандар сұлулықты, әсемдікті, ұқыптылықты қалайтындар. Енді ата - аналар мына үлкен қағазға «тамыр тобы»- тамырды, «діңгек тобы»- діңгекті,»жапырақ тобы»- жапырақты саламыз.
(Музыкалық сүйемел, қалам - қағаздар)

Апайларға деген талап - тілектеріңізді «тамыр тобы»- тамырға, «діңгек тобы» - діңгекке, «жапырақ тобы» - жапыраққа жазыңыздар.
Осы ағаштың тамыры – ата - ана, діңгегі - тәрбиеші, жапырағы – балаларымыз. Егер тамырдан нәр алып, діңгегі мықты болып, бұтағы жапырағын жайса ағашымыз жемісін береді.
Енді мына суреттегі алмаларды алып, өз балаларыңызға тілек жазып, ағаштың жемісін іліп, балаларыңыздың қызығын көрейік.
(музыкалық сүйемелдеу, тілек жазу).
3.Баяндама: «Кіші топ жасындағы баланы өз бетінше әрекет етуге тәрбиелеу»
Мектеп жасына дейінгі баланы өз бетінше әрекет ету арқылы рухани-адамгершілікке тәрбиелеу.
І. Кіріспе
ІІ. Балалардың еңбегі туралы жалпы мағлұмат беру.
ІІІ. Балабақшадағы балалардың өз бетінше еңбегі.

«Адамды - адам еткен еңбек». Жалпы адам баласы өмірге келген күннен бастап еңбекпен тығыз байланыста болады. Себебі, шыр етіп өмір есігін ашқан сәттен бастап ана сүтін емудің өзі өз бетінше өз бетінше жатады.
Еңбек дегеніміз бойымыздағы энергия яғни күшіміз, осы күшті пайдаланудың өзі еңбек. Адамдар еңбек ету арқылы көптеген жетістіктерге жетеді. Күнделікті ішіп-жейтін тамағының киетін киімінің өзі өз ббетінше жасаған еңбекпен келеді.
Мысалы: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»- дегендей жерге дән сеуіп, оны күтіп баптап өсіреді. Базарға апарып сатып, ақшасына тамақ, киім алады.

ІІ. Балалардың өз бетінше еңбегі туралы айтатын болсақ, күнделікті өмірде кездесетін көзге көріне бермейтін, өзіміз мән бермейтін қарапайым еңбек түрлері өте көп.
Мысалы: 2 – 3 жастағы баланың өз бетінше тамағын ішіп-жеуі, ойыншығын, киімін жинауының өзі олар үшін үлкен еңбек. Баланың өз-өзіне қызмет қыла білуінің өзі еңбекке жатады.
Өз бетінше әрекет ету арқылы баланың есте сақтау, көру, сезіну қабілеттері арта түседі.
Мысалы: Шұлығын, қолғабын, бас киімін, көйлегін киетін кезде оны қай жерге киетінін, ойлау, көру, есте сақтау қабілеттері арқылы жасалады.
Баланың әр өз бетімене жасаған еңбегін, қылығын мақтап отыру қажет.
Мысалы: Ой, жарайсың, бәрекелді, өте жақсы, керемет деген сөздер баланы еңбек етуге деген қызығушылығын оятады.

Баланы ойын арқылы да өз бетінше еңбекке баулуға болады. Баланың ойынына аса мән беру керек.
Ұлы педагог, А. С. Макаренко айтқандай бала ойын кезінде қандай болса, кейін есейгенде жұмыс орнында да сондай болады. Сондықтан бала кезінде ойнаған кезде баланы қадағалап, ойынына мән беру керек. Егер дұрыс емес екеніне көз жеткізсеңіз, дұрыс жолға бағыттау керек. Бала ойын ойнағанда үлкендерден немесе теледидардан көргендерін қайталайды. Өйткені ойын кезіндегі іс-әрекеті қимыл қозғалысы бәрі өз отбасында көрген білгендерінің айқын дәлелі. Баланың ойыны арқылы отбасындағы беріп жатқан тәрбиенің қандай екенін аңғаруға болады және қандай мамандық иесі екенін білуге болады. Сондықтан баланың көзінше артық сөз, артық қимыл жасаудың қажеті жоқ. Балаға ата-ана жақсы жағынан көрінуі қажет. Сондай-ақ баланы өз бетінше әрекет етіп, еңбекке баулу арқылы адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеуге болады.
Мысалы: Жерде жатқан нанды алып қоюы, киімін күтіп киюі бәрі адамгершілікке, үлкендердің еңбегін сыйлағаны болып есептеледі.

ІІІ. Балабақшадағы балалардың өз бетінше еңбегі.
Балалардың өз бетінше әрекет етіп еңбекке деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру, өз-өздеріне қызмет етуге үйрету, бір-біріне кедергі жасамай әрекет етуге үйрету. Ойнап болған соң ойыншықтарын орын-орнына жинауға тәрбиелеу. Балаларды балабақшадағы өз бетінше жасалатын еңбек жұмыстарына араластыру ойын бұрышындағы кезекшілікті атқаруға үйрету. Үлкендердің көмегімен гүлдерді суару, ағаштарға су құю, оқу құралдарын тарату, ас ішу кезінде тарелка, қасықтарды қойып шығу сияқты жұмыстарды үйрету. Үлкендердің еңбегінің және еңбектің қажеттілігі жөнінде түсінік беру. Балаларды алдына мақсат қоя білуге, оған жетуге үйрету жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру.
Арнайы жабдықтарды дұрыс пайдалану, қадірлеу, қайта орнына қою, бір-біріне көмек көрсетуге тәрбиелеу. Балаларды жұмысты бастап оны аяғына дейін жеткізуге тәрбиелеу. Балабақшадағы еңбек жұмыстарына қатысу, ұжымдық еңбекке үйрету. Ертегі, әңгімелерді кейіпкерлер арқылы «Еңбек түбі - зейнет» екенін түсіндіру. Үлкендер еңбегін құрметтеуге баулу. Мысалы: «Бір уыс мақта», «Бұзау бақтым», «Көйлекті маған кім берді?», «Қайдан келдің, бауырсақ?» деген әңгімелер арқылы барлық заттардың еңбекпен келетіндігін түсіндіру.

Балаларды еңбек түрлерімен және кәсіптермен таныстыру. Ұжымдық еңбекті татулықпен ұйымдастырып атқаруға үйрету. Еңбектің әр түріне баланың қызығушылығын ояту, ұжымда еңбек етуде белсенділік, ынта ықыласын көрсетуді қолдау. Өз қолымен жасаған еңбегіне қуаныш, мақтаныш сезімін тудыру. Еңбекке қызығушылығын тәрбиелеп жағымды көзқарас тудыру. Өз-өзіне қызмет етуі балабақшада және отбасында өз бетінше еңбекке араласу, яғни үлкендерге көмектесу.
Еңбек етуге жат қылықтар: Еріншектік, жалқаулық, шалағайлық, ұқыпсыздыққа жиренуге баулу, яғни жол бермеуге тәрбиелеу. Бақыт адамға еңбек арқылы келетінін ұғындыру.
Гүл өсірсең терлеп,
Бұның аты – еңбек.
Кесте тіксең зерлеп,
Бұның аты - еңбек.
Қиындықтың бәрін
Еңбек қана жеңбек, деген өлең жолдарын айта отырып болашақ біздің ізбасарларымыз жас жеткіншектерге «Еңбек түбі – береке», «Еңбек ер атандырады», «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» екенін айтқым келеді.
4. Ата-аналарға арналған ойындар.

Жанұя ойыны»сергіту жаттығуы:

1. Балаңыздың туған күні?
2. Тәрбиешісінің толық аты - жөні?
3. Балаңыз қандай өлшемді аяқ киім киеді?
4. Балаңыздың сүйікті асы қандай?
5. Балаңыз қандай түсті жақсы көреді?
6. Балаңыз спорттың қандай түрін жақсы көреді?
7. Балаңызды еркелетіп қандай сөздер айтасыз?
8. Балаңызға ашуланғанда, ең алдымен ауызыңызға қандай сөз түседі?
9. Балаңыздың сүйікті мультфилімі қандай?
10.Балаңыздың хоббиі жайлы не білесіз?

Ата - аналар ортаға шығып, берілген сұрақтарға тез жауап береді.
5.Ситуациялық сұрақтар.

Ата - аналар үстел үстінен үлестірмелі қағаздарды бөліп алып, сұрақтарға жауап береді.
1. Балаңыздың өнері, қандай да бір іске қызығушылығы, бейімділігі байқалса, не істер едіңіз?
2. Баламен сөйлесе білу де үлкен өнер, Мысалы: түн неге қараңғы, күн қайда кетті, ұшақ қалай ұшады,..... деген сияқты таусылмайтын сауалдар көп. Сіздің балаңыз да сондай сауалдарды көп қоятын болса, жауап беруге тырысасыз ба, әлде елеусіз қалдырасыз ба?
3. Сізге балабақшадағы тәрбиешіден «Сіздің балаңыз басқа балаларды ұрады» деген бірнеше шағым айтылады. Тағы көрші ата - аналардан да «Біздің баланы ұрды» деген сөз естуге тура келеді дейік. Не істейсіз? Балаңызды қалай тәрбиелейсіз?
4. Кейбір ата - аналардың баласының әрбір іс - әрекетіне көңілі толмай: «Сен сала алмайсың, сен істей алмайсың», - деп айтып жататынын байқаймыз. Бала іс-әрекетіне теріс баға беруге қалай қарайсыз?
5. Балаңыздың тәртібі жайлы білгіңіз келіп, балабақшаға келіп тұрасыз. Тәрбиешісі сізді қатулы қабақ, ашулы күймен қарсы алды. Сіздің әрекетіңіз?
6. Балаңыз қандайда бір теріс іс - әрекеттер көрсетсе, сіз қандай шара қолданасыз?
6.Ата-аналарға арналған жадынама.

Өз балаларыңыздың сенімділігі мен ұялшақтығын жеңу үшін ата- аналарға арналған жаднама.-Ешқашанда баланың ұялшақтық мінезін сызып тастамаңыз.
-Бөтен адамдарға қыр көрсетуге жол бермеңіз.
-Есіңізге сақтаңыз, педагогтар оқушылардың ұялшақтық жақтарын оқу үлгеріміне енгізеді.
-Балаңыздың өзінен жас балалармен бірге ойнағанын мақтан тұтыңыз. Бұл өзіне деген сенімді күш туғызады.
-Егер балаңыз өзіне жас ортаны таңдаса, онда кедергі келтірмеңіз.
-Баланы екі ортада қалдырмаңыз, әсіресе кісі көп жерде.
-Баланы өз күшіне сендіруге тырысыңыз.
Бірге «Мен сен үшін қатты қорқамын», орнына мына сөз естілсін «Мен саған сенемін».
-Балаңыздызды мүмкіндігінше аз қорлаңыз.Мүмкіндігінше жақсы жаттарын көрсетуге тырысыңыз.
-Балаңызды басқа балалармен қарым –қатынас жасауға үйретіңіз, өз үйіңізге шақырыңыз.
-Үйіңізде болатын балаңыздың мінезін балалардың мінезімен салыстырмаңыз.
-Өз балаңыздың ынтасын көрсете білуге рұқсат етіңіз, өз уақытында бағалаңыз.

7.Қорытындылау.«Тілек шамы»
- Міне, қоштасатын да сәт жетті, ата – аналар.
Бала дегеніміз –болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасы балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда.
Ұлт тәрбиесі- ұлт болашағы. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ тәрбиесі. Білімді денсаулығы мықты азамат өсіру үшін, мектеп болып ынтымақтасып та ат салысуымыз қажет. Кейін опық жеп бармақ тістемеу үшін баланы қаршадайынан дұрыс тәрбиелеуге, бала бақытының шынайы бағбаны болуға атсалысқан жөн. Бала бақытының кепілі-ата –ананың өнегелі тәрбиесінде.
Отбасы, ұшқан ұя - жылылықтың, жылулықтың мекені. «Отбасы» атауының мәніне терең үңілер болсақ, оттың да үлкен маңызы бар екенін сеземіз. Сондықтан оттың басы, ошағымыздың түтіні түзу болу үшін «Тілек шамы» жаттығуын бір - бірімізге тілек айта отырып жүргізейік. Бір - бірімізге мына шамды бере отырып бүгінгі кездесуден алған әсерлеріңізбен бөлісіп, тренинг барысында айта алмай қалған ойларыңыз болса осы жерде айтып кетулеріңізге болады.
Ата - аналар алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп рахметімді айта отырып, отбасыларыңызға бақыт нұры шашыла берсін.

Скачать материал

Полный текст материала смотрите в скачиваемом файле.
На странице приведен только фрагмент материала.